Сапарбаев жарылыс кезінде жоғалған азаматтың отбасына өтемақы неге төленбегенін айтты

0
661

Оның сөзінше, бас прокуратура мен ішкі істер министрлігі қызметкерлерінен құрылған комиссия жұмысы әлі аяқталған жоқ.


Сапарбаев жарылыс кезінде жоғалған азаматтың отбасына өтемақы неге төленбегенін айтты

ERNUR.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Байзақ ауданындағы жарылыстан кейін жоғалып кеткен азаматтың отбасына неліктен өтемақы берілмей отырғанын түсіндірді, деп жазады sputnik.kz.

"Біріншіден, ол азаматтың қазірге дейін денесі табылған жоқ. Мемлекеттің заңы бар, соған сәйкес, қосымша жәрдемақы төленеді. Ал қазір біз оны төлей алмаймыз, төлер болсақ, ол заңсыз болады. Екіншіден, ол азаматтың тірі екенін, өлі екенін білмейміз. Себебі оған дәлеліміз жоқ. Ата-анасымен сөйлесіп, барлығын түсіндіріп айттық. Әлі де болса жарылыс болған жерде, сол маңдағы елді мекендерде зерттеу, анықтау жұмыстары жалғасып жатыр", - деді Сапарбаев.

Оның сөзінше, бас прокуратура мен ішкі істер министрлігі қызметкерлерінен құрылған комиссия жұмысы әлі аяқталған жоқ.

"Комиссия жұмысын аяқтап, оны енді басқа жерден іздеуге болмайды, "дүниеден өткен" десе, сонда ғана әлеуметтік төлем төйлейміз. Оған қаржы қарастырылған. Жарылыста қаза тапқандардың отбасына төленген әлеуметтік төлем көлемінде беріледі", - деді Бердібек Сапарбаев.

Әскери бөлімдегі жарылыс

2021 жылдың 26 тамызы кешке Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймада өрт басталып, бір сағаттан кейін оқ-дәрілер жарыла бастады. Кем дегенде 10 жарылыс болған.

Жақын маңдағы ауылдардың 1 200-ге жуық тұрғыны қауіпсіздік мақсатында Таразға көшірілді.

Оқиғадан кейін қорғаныс министрі болған Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті, оның орнына Мұрат Бектанов тағайындалды.

Қайғылы оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Жарылыс салдарынан 17 адам қаза болды.

Бір адам хабар-ошарсыз кеткен еді. 34 жастағы сержант Бауыржан Дәуітбаев әскери бөлімде қызмет еткен.