Сәтбаевты дүрліктірген оқиға: педофил ерлі-зайыпты жазасын жеңілдетуді сұрап отыр

0
708

​Сәтбаевта қызды зорлау ісіне байланысты сот тыңдаулары жабық режимде өтіп жатыр. Іс қорытындысы бойынша қабылданған шешім туралы ақпарат жарияланады.


Сәтбаевты дүрліктірген оқиға: педофил ерлі-зайыпты жазасын жеңілдетуді сұрап отыр

ERNUR.KZ. Сәтбаев қаласында бес жасар қызды зорлау ісі бойынша сотталған ерлі-зайыпты апелляциялық шағым түсірді. Сот тыңдаулары Қарағанды облыстық сотында өтіп жатыр, деп жазады sputnik.kz.

Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс жыныстық қолсұғушылыққа қатысты болғандықтан, тыңдау жабық режимде өтеді.

"Процесс жабық өтуіне байланысты сот істі қарау кезінде пікір білдіре алмайды", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Іс қорытындысы бойынша қабылданған шешім туралы ақпарат жарияланады.

Сәтбаевты дүрліктірген оқиға

Былтыр 24 шілдеге қараған түні Сәтбаев қаласында ауыр қылмыс жасалды. Қалалық полиция бөліміне бес жасар қыздың әкесі арызданып, баласының жоғалғанын хабарлады. Осыдан кейін іздеу шаралары басталды. Жергілікті полицияның жеке құрамы тартылды. Жүздеген ерікті де қызды іздеуге шықты.

Түнде жоғалған бес жасар қыз белгісіз ер адамның пәтерінен табылды.

Бала табылғаннан кейін күдікті тұратын үйдің маңына бір топ адам жиналды. Олар күдіктіні өздері жазаламақ болған. Ашулы топ барлық пәтердің есігін қағып, тұрғындардың зәресін ұшырған. Халық толқуын басу үшін қалаға Ұлттық ұлан күштері тартылды.

Іске байланысты алқабилер соты ерлі-зайыптыны Қылмыстық кодекстің 121-бабы ("Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері"), 120-бабы ("Зорлау") және 106-бабы ("Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру") бойынша кінәлі деп таныды.

Ер адамның мас күйінде қылмыс жасауы жағдайы ауырлату ретінде тіркелді. Сотталушыға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Оның жұбайына қылмыстардың жиынтығы бойынша педагогикалық лауазымды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 22 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Былтыр 6 қазанда Қарағанды қаласының тергеу изоляторында үшінші күдіктінің өлі денесі табылды. Ол өз-өзіне қол салды.