​Сағынтаев: Алдағы жылу беру маусымында көмiр тапшылығына жол бермеңдер

0
1 171

Үкiмет басшысы алдағы уақытта көмiр тапшылығын болдырмау керектiгiн қадап айтты.


​Сағынтаев: Алдағы жылу беру маусымында көмiр тапшылығына жол бермеңдер

фото kaz.nur.kz

Бүгiн Үкiмет отырысында ҚР Премьер-министрi Бақытжан Сағынтаев алдағы жылу беру маусымына дайындалып, былтырғыдай көмiр тапшылығына жол бермеудi тапсырды, деп хабарлайды ERNUR. KZ Baq.kz сайтына сілтеме жасап.

Бүгiн министрлер мен әкiмдер Бақытжан Сағынтаевқа алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы жайлы есеп бердi.

«Биыл жылыту кезеңi жалпы тұрақты өттi. Ал ендi баршамыз, орталық және жергiлiктi атқарушы органдар алдағы күзгi-қысқы кезеңге даярлықты бастауымыз қажет. Баяндамалардан қажеттi жұмыстар басталғанын көрiп отырмыз. Ендi Энергетика, Инвестициялар және даму министрлiктерiне жылыту кезеңiне даярлық iс-шараларын орындау барысына мониторинг жүргiзудi тапсырамын. Өңiрлердiң әкiмдерi жылу, энергиямен жабдықтау және коммуналдық сектор мен әлеуметтiк саланың барлық объектiлерiн жоспарланған жөндеу жұмыстарымен қамтамасыз етсiн», - дедi Сағынтаев.

Сондай-ақ, Үкiмет басшысы алдағы уақытта көмiр тапшылығын болдырмау керектiгiн қадап айтты.

«Былтырғы жылы болған келеңсiз жағдайларды қайталамауымыз керек. Оның бәрi қолдан жасалған. Бұл бiздiң бақылауымыздың төмендiгiнен болған жағдай. Қазақстанда көмiр өте көп мөлшерде өндiрiледi. Тек қана өзiмiзге емес, сыртқа да шығарып жатырмыз. Сол себептен, әрiптестер, әсiресе өңiрлердегi әрiптестер, Қанат Бозымбаев (Энергетика министрi-авт.) бұл сұраққа баса назар аударып, тұрақты мониторинг жүргiзудi тапсырамын. Тимур Сүлейменов, сiзге көмiр бағасының негiзсiз өсуiн монополияға қарсы шаралар арқылы бақылауды тапсырамын. Жалпы, бұл жұмыс бойынша бақылауды Асқар Маминге (Премьер-министр орынбасары - авт.) тапсырдым», - дедi Бақытжан Сағынтаев.