Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Түрікменстан елшісін қабылдады

0
1 222

Жүздесушілер Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен Түрікменстан Президенті Г.М. Бердімұхамедовтің өзара саудада миллиардтық межеге қол жеткізу жөніндегі биік міндеттерін іске асыруға әзір екендіктерін нақтылады.


Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Түрікменстан елшісін қабылдады

ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Түрікменстанның Қазақстандағы елшісі Тойлы Көмековті оның өтініші бойынша қабылдады, деп жазады ҚазАқпарат.

Д.Назарбаева мейманды қарсы ала отырып, біздің елдерімізді көп ғасырлық достық пен өзара құрметке негізделген әрі стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткен тату көршілік қарым-қатынастар байланыстыратынын атап өтті. Тараптар мемлекетаралық өзара іс-қимылдың маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын парламентаралық ынтымақтастықты нығайтудың келешегін талқылады. Сенат басшысы парламентаралық қатынастарға қарқын беруді ұсынды. Т. Көмеков Д. Назарбаеваға Ашхабадқа ресми сапармен келуге, сондай-ақ Авазадағы алғашқы Каспий экономикалық форумына қатысуға шақыруды табыс етті.

Жүздесушілер Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен Түрікменстан Президенті Г.М. Бердімұхамедовтің өзара саудада миллиардтық межеге қол жеткізу жөніндегі биік міндеттерін іске асыруға әзір екендіктерін нақтылады. Д.Назарбаеваның пікірінше, Экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссия екіжақты тауар айналымын арттыру жөніндегі алға қойылған міндеттерді іске асырудың пәрменді тетігі болуы тиіс. Шекара маңындағы ынтымақтастықтағы өзара іс-қимылдың келешегі талқыланды.

Сенат басшысы Маңғыстау облысының түрікмен тарапының қарауына ұсынылған 13 бағыт бойынша ұсыныстарына назар аударды. Түркменбаши - Гарабогаз - Қазақстан автомобиль жолы мен Гарабогазгол шығанағы арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы жөніндегі жобалар тауар айналымын, жүк және жолаушылар тасымалының көлемін ұлғайтуға ықпал ететін болады. Д. Назарбаева дипломатқа елдің ішкі саяси өмірі туралы әңгімеледі және Қазақстанның қазіргі заманғы саяси жүйесі биліктің, мемлекеттің саяси және экономикалық дамуының толық сабақтастығын қамтамасыз ететінін атап өтті.

Сенат басшысы Парламент жоғарғы Палатасының басты міндеті - Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бірінші кезекте халықтың әл-ауқатын арттыруға, демократиялық даму үлгісі негізінде азаматтық қоғам институттары мен заң үстемдігін күшейтуге арналған бағыттарын заңнамалық қамтамасыз ету екенін атап өтті. Т.Көмеков Н.Ә.Назарбаевтың ядролық қаруға қарсы қозғалыстағы, интеграциялық үдерістерді ілгерілетудегі көшбасшылық рөлін атап өте келіп, Елбасының жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесін жоғары бағалады.

Ол Қазақстан астанасының атауын Нұр-Сұлтан етіп өзгертуді Түркіменстан оң қабылдағанын және түркі әлемінің беделді көшбасшысының баға жетпес еңбегін мәңгі есте қалдырғаны туралы хабардар етті.