Сенбілік кезінде ер адамның басына мұз кесегі құлады

0
1 388

Оралда биыл қардың көп түсуіне байланысты сенбілік ұйымдастырылған болатын.


Сенбілік кезінде ер адамның басына мұз кесегі құлады

ERNUR.KZ. Оралда сенбілік кезінде ер адамның басына үлкен сүңгі мұз құлады, деп жазады ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, оқиға 2 наурыз күні таңертең орын алды. Жалпықалалық сенбілікке қатысқан М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қызметкерінің басына мұз сүңгі құлаған.

«1959 жылғы ер адам қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер қарап, бас пен мидың жарақаты жоқ деп, амбулаторлық ем алуға жіберді», деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Сақпосынова.

Бұл - осындай екінші оқиға. 1 наурыз күні орталық базар ауданында Д.Нұрпейісова көшесі бойындағы қос қабатты «Натеатральной» сауда үйінің төбесінен әйел адамның басына мұз құлаған еді. Ол да ауыр жарақаты болмағандықтан, амбулаторлық ем алуға жіберілді.

Оралда биыл қардың көп түсуіне байланысты сенбілік ұйымдастырылған болатын. Қазіргі кезде қала бойынша 35 аумақ су басу қаупі бар деп танылып отыр. Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 300-ден астам адамның қар құрсауынан құтқарылғанын, бірқатар жолдардың жабылғанын жазған болатынбыз.