"Сергек" техникалық тексерістен өтпеген көліктерді анықтайды

0
665

​Қазақстанда автокөліктер техникалық тексерістен өтуден босатылмайды.


ERNUR.KZ. Қазақстанда көлік құралдары техникалық тексерістен өтуден босатылмайды, сондай-ақ уақытылы техникалық бақылаудан өтпеген автокөліктер "Сергек" бейнебақылау жүйесінің көмегімен анықталады, деп жазады sputnik.kz.

Қазақстан халық партиясы фракциясының депутаты Айқын Қоңыров автобус, жүк көліктері мен такси жүргізушілерін есептемегенде, көлік құралдарын міндетті техникалық тексеруден өткізуді алып тастауды ұсынды.
Ол еліміздегі техникалық тексеріс тиімсіз шара болып отырғанын және азаматтардың артық шығындалуына әкелетінін, оның сыбайлас жемқорлық қаупі бар екенін және көлік құралының қауіпсіздігіне еш әсер етпейтінін айтты.
"Аталған саланың бәсекелес ортаға берілгеніне және техникалық тексеруден өтуге арналған жеке станциялар желісі құрылғанына қарамастан, мұндай бақылаудан өту формалды және жемқорлыққа итермелейтін әрекет болып отыр", - деді депутат.
Бұл ұсынысқа премьер-министр Әлихан Смайылов елімізде техникалық тексерістің заңмен қарастырылғанын еске салды.
Биыл техникалық байқау саласында мына іс-шараларды аяқтау жоспарланып отыр:
Техникалық тексеріс жүргізетін операторлардың әкімшілік жауапкершілігін күшейту: көлік құралынсыз техникалық тексеру жүргізгені үшін (тізілімнен алып тастау арқылы 300 АЕК-ке дейін (833 400 теңге) айыппұл салу және 3 жылға дейін осы салада жұмыс істеуге тыйым салу);
Техникалық тексеріс ұйымдастыру және жүргізу ережелерінің талаптарын бұзғаны үшін "Техникалық тексеріс" бірыңғай ақпарат жүйесінің операторына қатысты әкімшілік жауапкершілік енгізу (150 АЕК-ке дейін (416 700 теңге) айыппұл);
Жалған техникалық тексерістен өткені үшін көлік иелеріне қатысты әкімшілік жауапкершілік енгізу (5 АЕК (13 890 теңге) айыппұл).
Бұл түзетулер биыл қабылдануға тиіс "Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына енгізілді.
Сонымен қатар техникалық тексеріс операторларының қызметін ашу тәртібі де қатаңдатылады.
Премьер-министр "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ техникалық байқау мерзімі өтіп кеткен көліктерді анықтау үшін ішкі істер министрлігімен және "Сергек" компаниясымен бірлесіп, техникалық тексерістің бар-жоғын автоматты түрде анықтайтын пилоттық жобаны (2022 жылдың 1-2 тоқсанында жүзеге асырылады) іске қосуды жоспарлап отырғанын айтты.