Бойына көптеген дарын біткен ақынды қаншалықты бағалап жүрміз?
Қазақ халқының тарихына үңіле қалсақ, өткен екі ғасырда өмір сүрген ұлт зиялыларының тағдыры тауқіметке толы болғанын ойлап, санамызға небір өкінішті ойлар келе береді. Дегенмен, бір ғасырда бір туатын ондай азаматтардың тағдырына сол жазылғасын, амал нешік? Ешкімнің уақытты кері айналдырып, тарихты түзеп жіберетін құдіреті жоқ. Десе де, олардың еңбегі мен шығармышылығын зерттеп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырсақ, есімдерін өшірмегеніміз сол болар. Осы орайда, біз атын өлтірмеуге тиіс тарихи тұлғалардың бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлы екенін ұмытпауымыз қажет. Әсіресе, 1858 жылдың 11 шілдесінде (ескіше күнтізбе бойынша) Шыңғыстаудағы Байқошқар өзенінің бойында Кеңбұлақ деген жерде дүниеге келген ұлт перзентінің биылғы 165 жылдығы өнегелі істермен өрнектелуі керек деп ойлаймыз. Сөз орайы келгенде, алдымен қазақтың бас ақыны Абай туған әулеттен дүниеге келген Шәкәрімнің өмір жолына тоқталып өткен жөн болар.
Шәкәрім Абайдың ағасы Құдайбердінің ұлы. Бес жасында ауыл молдасының алдын көріп, сауатын ашқан. Әкесі Құдайберді 1866 жылы 37 жасында көз жұмып, Құнанбайдың қолында тәрбиеленген. Абайдың қамқорлығын көрген ол ағасының өнегелі істеріне қанық болып, білімді әрі дарынды азамат болуды қалаған. Оның «Жалыналық Абайға, жүр баралық» деп жырлап, қазақ балаларын Абайдан өнеге алуға шақырғаны да сондықтан.
Ол шығармашылықпен жарты ғасырдан астам уақыт бойы айналысып, ббарлық әдеби жанрдың дамуына үлес қосқан. Әдебиеттен бөлек, тарих, география, жаратылыстану ғылымы, физика, сөз өнері мен музыка өнерін меңгеріп алған. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, дене еңбегіне дағдыланып, жылдар өте келе ұлттық киімдердің үлгісін жаңарту, ас пісіру, дастархан әзірлеу, көшпелі ел жағдайында, қатты қыстарда, далада, қар үстінде шырпысыз от жағу, үйді үйдің, іргелес қыстаулардың арасында сымды қатынас орнату сияқты тұрмыс мәдениеті туралы халыққа өзі тапқан тәсілдерін ұсынып отырған. Тіпті, науқастарға алғашқы медициналық жәрдем көрсете алған, әрдайым дәрі қорабын ұстап жүрген. Тоғайдан отын шауып, боранды күндерде әйелдерге жәрдемдесіп, өзен мен құдықтан су тасыған екен.
Араб, орыс, парсы тілдерін де жетік білген ол іөп ізденісінің арқасында сол заманның ең білімдар адамдарының қатарында болған. меңгереді. Соның нәтижесінде Хафиздің махаббатқа толы еңбектерін және Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын тәржімалаған. Орыс халқының да классикалық әдебиетіне терең бойлап, Пушкиннің «Дубровский» повесі мен «Боранын» өлең етіп аударған. Толстойдың да бірқатар шығармаларын қазаққа таныстырып, оған хат жазу арқылы ақыл-кеңес сұрап отырған. Алайда, сол хаттардың барлығының түпнұсқасы сақталмапты.
Тарихи деректерге сүйенсек, Шәкәрім Құдайбердіұлы 1876 жылы Мәуенді жар етіп, 1878-1880, 1887-1888, 1901-1905 жылдары Шыңғыс елінде үш рет болыс болған. 1882 жылы Айғаншаға үйленіп, 1903 жылы Орыстың императорлық географиялық қоғамы, Батыс-Сібірлік бөлімі, Семей бөлімшісінің мүшелігіне қабылданған. Ал, 1905 жылы қажылыққа аттанып, Абайдың тапсырмасымен Стамбул, Египет пен Меккеге саяхаттайды. Осы жолда Парижге аялдап, Франция архиві мен кітапханаларында болған. 1906 жылы қажылықтан оралып, 1908 Семей түрмесінде жатқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейханмен кезіккен.
1911 жылы ақынның «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», «Мұсылмандық кітабы» атты еңбектері, бір жылдан соң «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» поэмалары жарық көрген. Оның «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» еңбегі жайында Әлихан Бөкейхан «Ерекше сөз» тақырыбымен, Жүсіпбек Аймауытов «Шәкәрім ақсақалға» тақырыбымен мақала жариялаған. Ал, 1917-1918 жылдары Алаш қозғалысына қатынасып, уездік земство жұмысына, Алаш сотының қызметіне араласып, артынша қызметтен алшақтап, айтыс-тартыстан іргесін аулақ салған екен.
Одан кейін де шығармашылығын тоқтатпай 1918 жылы «Шын бақыттың айнасы» эссе-шығармасы басылып, сол жылы Алашорда үкіметінің соты, төбе биі қызметтерін атқарған. 1924 жылы Семейде «Дубровский әңгімесі» баспадан шығып, оның шығармалары «Айқап», «Абай», «Шолпан», «Таң» журналдарында, «Қазақ», «Сарыарқа», «Қазақ тілі», «Еңбекші қазақ», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде басылған. Ал, «Әділ-Мария» романы, «Нартайлақ-Айсұлу» поэмасы мен «Үш анық» философиялық туындысы өмірден өткен соң оқырман қолына тиген. Деректерге сүйенсек, Шәкәрімнің қоғамдағы өзгерістерге қызу араласқанын аңғарамыз.
Ақын 1925 жылы Шыңғыстағы Шақпақ деп аталатын өз қыстауынан он бес шақырымдай қашық маңда қора-жай тұрғызып, шығармашылықпен беріле шұғылданады. Сол кезде оған «Шыңғыстау көтерілісін ұйымдастырды» деген айып та тағылады. Түптің түбінде қазақ зиялысына қастандық ойлағандар мақсатына жетіп, 1931 жылдың 2 қазанында НКВД-ның жендеттері оны атып өлтіреді де, мүрдесін құдыққа тастайды. Саналы ғұмырында қаншама қызмет жасап, ұрпаққа мол шығармашылық мұра қалдырған Шәкәрімнің өмірі осындай қорлықпен аяқталған.
Десе де, оның шығармашылығы 1958 жылы толық ақталып, Ахат есімді ұлы 1961 жылы 30 жылдан соң ғана әкесінің сүйегін құрқұдықтан қазып алып, Жидебайдағы Абайдың зиратының жанына жерлеген. Ал, 1988 жылдың 14 сәуірінде Қазақстан Республикасы Орталық комитеті Шәкәрім Құдайбердіұлын толықтай ақтау туралы шешім қабылдайды.
Кейбір деректерде Шәкәрімнің шын есімі «Шаһкәрім» деп айтылады. Небәры 20 жасында болыс болған. Домбыра шертіп, гармоньда ойнаған. Жазу-сызудан бөлек, ән айтып, саятшылық құрып, сурет салған. 14 жасынан бастап ән шығарып, аспаптарда ойнаудан бөлек, ағаштан мандалин, қобыз жасап, киім тіккен. Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген әні А.В. Затаевичтің 1931 жылы жарыққа шыққан «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» деген жинағында «Шәкәрім Құдайбердин әні» деген атаумен жарияланған. Ал, оның әндерін тұңғыш нотаға түсірген голландық Альвин Эрнестович Бимбоэс болған. Оның «Музыкалық этнография» атты жинағының ішінде «№1 Шакарим», «№2 Шакарим» деген атаумен ақынның екі әні жарық көрген.
Жасыратыны жоқ, қазақтың талантты тұлғасы Шәкәрімді тереңірек оқымаған көпшілік ақын ретінде ғана таниды. Сондықтан қазақ халқының мойнына бұл тақырыпты әлі дең кеңінен насихаттау жүктеліп тұрған сыңайлы.
Десе де, елімізде Шәкәрім Құдайбердіұлына көрсетіліп жатқан құрметті аз деп айта алмаймыз. Атап өтсек, Шәкәрім толықтай ақталған 1988 жылы-ақ 130 жылдық мерейтойы Абай ауданында, 1998 жылы 140 жылдығы Семей қаласында аталып өтті. Сол кезеңде Семейдегі жоғары оқу орнына есімі беріліп, ескерткіші орнатылып, қала орталығындағы бір даңғыл ақын атымен аталды. Бүгінде өзі туған өңірде «Шәкәрім», «Шәкәрім әлемі» атты екі бірдей журнал жарық көріп келеді.
Биыл да қажы атанған ақынның шығармашылығына арналған іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Мәселен, мамыр айында «Қазақ айнасы» атты сирек кітаптар мен қолжазбалар көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен бірге, жыл сайын дәстүрлі түрде ақын мұраларын жатқа оқитын балалар арасында «Шәкәрім оқулары» республикалық байқауы өткізіліп келеді.
Сондай-ақ, бірер ай бұрын Абай облысына іссапарымен барған ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық мұражай-қорығының экспозициясымен танысып, өңірдегі зиялы қауым өкілдерімен кездескен болатын. Сол жиында Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына орай іс-шаралар өткізу мәселелері де талқыланған. Енді сол талқылау нәтиже беріп, Үкімет атаулы мерейтойды ақынның дәрежесіне лайықты деңгейде ұйымдастырады деп сенеміз.
Б.Мейірханұлы,
ERNUR.KZ.