Шахтинскіде жоғалған қызды табуға көмектескен еріктілер марапатталды

0
601

Қала тұрғыны баласын бір тәулікке жуық өзі іздеп, таба алмаған соң, полиция бөліміне хабарласқан.


Шахтинскіде жоғалған қызды табуға көмектескен еріктілер марапатталды

ERNUR.KZ. Шахтинскіде жоғалып кеткен қызды табуға көмектескен еріктілер марапатталды, деп жазады ҚазАқпарат.

Қарағанды облысы Шахтинск қалалық полиция бөліміне шілде айының 12-нен 13-не қараған түні 34 жастағы азаматша хабарласып, өзінің 10 жастағы қызының жоғалып кеткені туралы арызданған. Белгілі болғандай, азаматша қызымен танысының үйінде қонақта болып, сол үйде қонып қалған. Оянған кезде қызының жоқ екенін білген. Қала тұрғыны баласын бір тәулікке жуық өзі іздеп, таба алмаған соң, полиция бөліміне хабарласқан.

Тәртіп сақшылары бірден баланы іздеуге кірісті. Баланың жоғалғаны туралы ақпаратты полиция қызметкерлері қала тұрғындарына хабарлап, олар өз кезегінде тәртіп сақшыларына жоғалған қыз бір әйелмен жүргенін айтқан. 10 жастағы қыздың қасында жүрген азаматшаның бірден мекенжайы анықталды. Алайда ол азаматша үйінде болмай шыққан. Кейін, азаматша мен жоғалған қыздың фотосуреттері қызды іздеуге шыққан Шахтинск қаласы еріктілерінің WhatsApp чаттарына жіберілді.
Жоғалған қызды іздеуге 200 полиция қызметкері, Ұлттық ұланның 100 жауынгері жұмылдырылды. Сонымен қатар іздеуге Шахтинск қаласының еріктілері мен іздеуге ниет білдірген 650 адам қосылды. Қыздың суреті Instagram әлеуметтік желісі арқылы таратылды. Тәртіп сақшылары мен еріктілер қаладағы көпқабатты үйлердің жертөлелерін, шатырларын қарап, қала сыртындағы ағаш екпелері мен су қоймаларын қарау жұмыстары жүргізілді.

Бірлескен жедел іздеу жұмыстарының нәтижесінде сағат 18.00 шамасында жоғалған қыз аман-есен табылды. Оны табуда еріктілер Любовь Хващова, Жеңіс Оспанов және Никита Абдрахмановтың еңбегі ерекше.

«Қыз баланың жоғалып кеткені туралы ақпаратты іздеуге жұмылдырылған еріктілердің құрған чаты арқылы білдік. Сол чаттың арқасында барлық ақпаратты біліп отырдық. Үйде отырғанымда біреу есік қақты. Есікті ашқанымда есіктің алдында темекі сұраған азаматшаны көрдім. Темекі тартпаймын дедім. Ол азаматшаны ешқашан көрмесем де, ол маған таныс адамдай көрінді. Бір кезде бұл адамды жоғалған қызбен кеткен азаматша деп чатқа салғаны есіме түсті. Бірден іздеуде жүрген балаларға хабарласып, ол әйелді көргенімді айттым», – дейді Любовь Хващова.

Бұл ақпарат Жеңіс Оспанов пен Никита Абдрахмановқа түсіп, олар бірден полиция қызметкерлерімен хабарланған мекенжайға шыққан. Олар тәртіп сақшыларымен бірге пәтерді анықтап, жоғалған қызбен азаматшаның пәтерін тауып алып, баланы аман-есен алып шықты. Қыздың жанында болған азаматшаның айтуынша, ол арызданушының құрбысы екен. Сол күні ол қызды алып ата-анасына апарған, алайда үйде ешкім болмағандықтан қызды алып, басқа құрбысына кетіп қалған. Сөйтіп сол жерде екі тәуліктен астам уақыт болған.

Қазіргі уақытта табылған қыз анасына табысталды. Департамент бастығы Санжар Әділов еріктілер Л.Хващова, Жеңіс Оспанов және Никита Абдрахмановты баланы табуға қосқан үлестері үшін Ішкі істер министрлігінің нышаны бар қол сағатпен марапаттап, атқарған жұмыстарына алғыс білдірді.