Интернетке қатысты мәселе болса жатақханада жатып оқуға болатынын алдын ала ескерткенбіз, деді вице-министр.
ERNUR.KZ. Интернет жүйесінің дұрыс болмауына байланысты сессия тапсырмай қоюға немесе уақытын шегеруге болмайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Интернеті жоқ ауылда тұратын немесе компьютері жоқ студенттерге жатақханада жатып оқуға болатыны туралы ақпарат алдын ала айтылған болатын. Қазіргі уақытта барлық ЖОО-дағы жатақханалар штаттық режимде жұмыс істейді. Семестрдің басында жатақханаларда 15 мыңға жуық студент жатса, қазіргі кезде 7 мың студент тұрып жатыр. Бұл – интернеті жоқ, шалғай ауылда тұратын студенттер», - дейді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов.
Сондай-ақ, ол интернет жүйесінің дұрыс болмауына байланысты сессия тапсырмай қоюға немесе уақытын шегеруге болмайтынын айтты.
«Интернетке қатысты мәселе болса жатақханада жатып оқуға болатынын алдын ала ескерткенбіз, сондықтан оны сылтау етіп сессияны кейінге шегеруге болмайды. Қашықтан оқитын студенттер үшін сессия да қашықтан өтеді. Көптеген емтихан антиплагиат жүйесін қолдана отырып жүзеге асады. Соңғы 5 жылда жоғары оқу орындары антиплагиатқа қатысты әртүрлі жүйелерді қолданып келеді, сондықтан бұл студенттер үшін жаңалық емес», - дейді ол.