Шекарада BMW 528 көлігі фольгаға ораулы күйінде табылды

0
2 416

Тауар жөнелтушілердің әккілігі сонша, аталмыш автокөлікті сканерден жасыру мақсатында қосалқы бөлшектердің ішіне фольга қағазымен мықтап орап тастаған.


Шекарада BMW 528 көлігі фольгаға ораулы күйінде табылды

Қазақстан шекарасында контейнерден фольгаға оралған BMW 528 көлігі табылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жуырда «Алтынкөл» кеден бекетінің «Алтынкөл» темір жол өткізу пунктінің бас маманы О.Кеңесбаевтың қырағылығының нәтижесінде Оңтүстік Кореядан Қырғыз Республикасына транзитпен кетіп бара жатқан контейнер тоқтатылды. Себебі, инспекциялық кешенді тексеру сканері арқылы контейнер ішінде кедендік құжаттарда (инвойс) мәлімделмеген заттар барлығы күдік тудырды. Содан кейін «Жібек жолы» жауапкершілігі жектеулі серіктестігінің уақытша сақтау қоймасында жүргізілген тиянақты кедендік тексеру нәтижесінде контейнер ішінен бұрын пайдалануда болған автокөліктің қосалқы бөлшектері мен 2014 жылы шығарылған «БМВ – 5281» маркалы жеңіл автокөлік табылды.

Тауар жөнелтушілердің әккілігі сонша, аталмыш автокөлікті сканерден жасыру мақсатында қосалқы бөлшектердің ішіне фольга қағазымен мықтап орап тастаған. Соған қарамастан әккілік әрекет қырағы кеденшінің назарынан тыс қалмады.

Қазіргі уақытта ұсталған автокөліктің кедендік құнын анықтау жұмыстары жүргізілуде. Егерде кедендік құнның мөлшері 5000 айлық есептік көрсеткіштен асып кеткен жағдайда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 234 бабының 1 тармағы бойынша (экономикалық контрабанда) бойынша қылмыстық іс қозғалады.