Айғақты затымен бірге ол Қордай аудандық ішкі істер бөліміне тапсырылды.
Қордай шекара отрядының бөлімшесінде көрші елден жекеменшік ДАФ автокөлігімен келе жатқан 39 жастағы Өзбекстан азаматы ұсталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шекарашылар оның автокөлігінен пышақ тауып алды. Айғақты затымен бірге ол Қордай аудандық ішкі істер бөліміне тапсырылды.
Дәл осыған ұқсас жағдай Петропавл отрядының «Қызылжар-авто» бөлімшесінде де болды. Қазақстаннан Ресейге қарай «ВАЗ 21812» автокөлігімен кетіп бара жатқан 43 жастағы қазақстандықтың көлігінен Калашников автоматының сүңгі-пышағы табылды. Пышақтың жүзінде «АК 47 СССР» деп бедерленген жазу бар екен.
Сондай-ақ қордайлық шекарашылар түнгі 22.20-да біздің елімізге келе жатқан 1993 жылғы Әзірбайжан азаматын ұстады. Оның жол сөмкесін аппараттан өткізген кезде жеке заттарының арасынан 7,62 калибрлі 5 дана оқ табылды.
Осы бөлімшенің шекарашылары түс қайта қызметтік иттің көмегімен өз елінен Қазақстанға келе жатқан 20 жастағы азаматты гашиш есірткісімен (салмағы 1 грамм) ұстаған. Дәл сол иттің көмегімен бүгін таңғы сағат 4:00 шамасында біздің елге келе жатқан 19 жастағы тағы бір қырғызстандық бозбала гашиш есірткісімен ұсталды. Ұсталғандар айғақты заттарымен бірге Қордай аудандық ішкі істер бөліміне тапсырылды.