Тәртіп сақшылары сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
ERNUR.KZ. АҚШ азаматымын деп танысқан ер адам әлеуметтік желі арқылы Павлодар тұрғынын алдап, 2550 доллар (870 мың теңгеден астам) қаражатын алып қойған, деп жазады sputniknews.kz.
Құқық қорғау ведомствосының мәліметінше, ер адам әлеуметтік желі арқылы 57 жастағы әйелмен танысып, хат-хабар алмасып тұрады. АҚШ азаматымын деп танысқан ол Кабулда жұмыс істейтінін жазған.
Көп ұзамай алаяқ "сүйем, күйем" деп әйелдің басын айналдырып, Павлодарға келгісі келетінін айтады.
Оның айтуынша, жүгін жинап, Павлодарға жіберіп қойыпты, бірақ кенет проблема туындаған екен – ер адамның ақшасы жоқ болғандықтан, сүйіктісі жүктің ақысы үшін 2 550 АҚШ долларын (870 мың теңгеден астам) төлеуі керек болады.
Ойында ештеңе жоқ павлодарлық әйел кредит алып, алаяққа ақшаны салып жібереді.
Дегеніне жеткен ер адам тағы үш ай бойы "жүгімді ұстап қалды" деп әйелді алдап-сулап, одан да көп қаражат сұраған. Ғашығының ақшасы жоқ екенін білгенде, "күйеу жігіт" те ұшты-күйлі жоғалады. Сол кезде ғана әйел алданғанын түсінген.
Полиция департаменті хабарлағандай, бұл дерек бойынша "алаяқтық" бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.