Шетелдегі қазақ диаспораларының балалары Елбасы кітапханасында болды

0
1 644

Олар «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы ұйымдастырған «Ұлы дала ұрпағы» жазғы мектебіне қатысу үшін келді.


Шетелдегі қазақ диаспораларының балалары Елбасы кітапханасында болды

ERNUR.KZ. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасына шетелдегі қазақ диаспораларының балалары келді. Ресей, Иран, Моңғолия, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен Қазақстанға келген 150 оқушы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы ұйымдастырған «Ұлы дала ұрпағы» жазғы мектебіне қатысу үшін келді, деп жазады Елорда Инфо.

Балалар Атамекенмен танысуды Елбасы кітапханасынан бастады. Олар Қазақстан тәуелсіздігі, Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың өмірі мен қызметі туралы фотосуреттер мен архивтік құжаттардан тұратын экспозициялармен жан-жақты танысты. Жас қонақтармен Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов сұхбат құрды.

«Сіздер бейбіт буынның бақытты өкілдерісіз. Атамекеннің топырағын басып, бабалар жерінің гүлденіп, көркейгенін, Қазақстанның биік шыңдарды бағындырып жатқанын көрдіңіздер. Дендеріңіздің сау, оқуларыңыздың жемісті болуын тілеймін! Бейбітшілік пен жасампаздыққа, дамуға бет алған лайықты азамат болыңыздар. Жақсылық көп болсын! Қазақстанға сапарларыңыз ұмытылмастай өтсін!», - деді балаларға ақ тілегін арнаған Ә.Рахымжанов.

Кітапхана кинозалында жастар «Әділеттің ақ жолы», «Бейбітшілік кіндігі», «Еуразия жүрегінде» атты Елбасының шығармалары желісімен түсірілген «Балалық шағымның аспаны» көркем фильмін тамашалады. Елбасы кітапханасынан естелік ретінде балаларға «Біздің Президент» кітабы тарту етілді.