Көлік жүргізу кезінде жүргізуші әйел әлеуметтік желіде хат алмасып, ұялы телефонмен жиі сөйлесіп, смартфонға жиі үңілген.
иллюстрациялық фото
ERNUR.KZ. Екі адамның өмірін қиған қайғылы жол апаты Семей - Өскемен тас жолында болған. 42 жастағы Семей қаласының тұрғыны ұялы қосымша арқылы Семей қаласынан облыс орталығына дейін жеке жеңіл көлігімен жолаушы тасымалдаған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Жолаушылардың айтуынша, көлік жүргізу кезінде жүргізуші әйел әлеуметтік желіде хат алмасып, ұялы телефонмен жиі сөйлесіп, смартфонға жиі үңілген. Ол жолға назар аудармай, жылдамдыққа ие бола алмай, тиісті шаралар қабылдай алмаған. Тіпті өркөкіректік танытып, алдынан келе жатқан автогрейдерді айналып өтуге оқталған. Нәтижесінде Lada көлігімен соқтығысқан.
Апат салдарынан келе жатқан көліктің екі бірдей жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Toyota Camry көлігіндегі төрт жолаушы, соның ішінде сотталушы әртүрлі дене жарақатын алды.
Әйелдің айтуынша, ол осыдан екі жыл бұрын жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, кәмелет жасқа толмаған екі баласы үшін Семей мен Өскемен қалаларының арасында жеке көлігімен жолаушыларды тасымалдап күн көрген.
Ұлан аудандық сотының үкімімен әйел ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша (екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу) 8 жылға бас бостандығынан айырылды және қауіпсіздігі шектеулі мекемеде жазасын өтеп жатыр.