ШҚО-да әйел мен балаға қасқыр шапты

0
2 760

Зардап шеккендер қазір дәрігерлердің бақылауында.


ШҚО-да әйел мен балаға қасқыр шапты

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында ауылға кіріп кеткен қасқыр әйел мен балаға шапқан, деп жазады Tengrinews.kz.

Оқиға 30 қаңтарда болған. Маралды ауылының тұрғыны Әсем Бейсұлтанова сарайға малдарын қамау үшін аулаға шыққан. Ұлы Жігер анасына көмектесіп жүрген. Кенеттен аулаға түз тағысы кіріп әйел мен балаға шабуыл жасаған.

Ауладағы айғайды естіп үй иесі жүгіріп шыққан. Қолындағы шөп жинауға арналған үшкір ағашпен қасқырды тоқтатып, Мұқан Бейсұлтанов жабайы аңды қолға түсірді.

"Жедел жәрдем шақырып, зардап шеккендер Күршім аудандық ауруханасына жеткізілді. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Әйелдің қолын тістеп алған, 8-сыныпта оқитын баланың аяғы жарақаттанған екен", - деді Күршім ауданы Маралды ауылдық округінің әкімі Фархат Өжікенов.

Оның айтуынша, зардап шеккендер қазір дәрігерлердің бақылауында. Қасқырдың көзі жойылып, арнайы мал қорымына көмілді. Жабайы жануардың басы сараптамаға жіберілген. Енді оның қандай да бір ауруы бар-жоғы анықталады.

Маралды ауылына қасқырдың келуі бірінші рет емес. Елді мекен басқа ауылдардан алыс орналасқан және үйлер мен үй ғимараттары тауларға жақын. Сондықтан аш жануарлар ауылға жиі кіріп кетеді.

Фархат Өжікеновтың айтуынша, таулар мен шатқалдардың көптігіне байланысты бұл жерде жануарларды ату қиын.