Шомылу маусымы ресми түрде 1 маусымда басталады

0
1 094

Құтқару қызмет мамандары шомылуға жасақталған жағажайларға рейд жүргізді.


Шомылу маусымы ресми түрде 1 маусымда басталады

ERNUR.KZ. Қарағандылық төтенше жағдайлар мамандарын алдағы аптап кезінде судағы қауіпсіздік мәселесі алаңдатып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».


Себебі, шомылу маусымы ресми түрде 1 маусымда басталады. Алайда қазірдің өзінде жағалауда ересектерді айтпағанда ата-ана қарауынсыз жүрген бүлдіршін көп.

Төтенше жағдайлар департаментінің құтқару қызметі жасағының жұмысы демалыс күндері қызып тұр. Себебі облыста ресми шомылуға тиым салынған 300-ге жуық арна бар. Аптап ыстықта көлге ағылған жұрт қауіпсіздікті ысырып тастап, сол тыйым салынған жерлерге келеді. Мамандар түсіндірме жұмысын жүргізіп, ескертпе қағазын таратқанымен, келушілердің өз пікірі бар.

Негізі облыс бойынша шомылуға жасақталған 83 жағажай бар. Ол жерде қайғылы жағдайдың болу қаупі де едәуір төмен. Мамандар кісі өлімінің 80%-і осындай қараусыз жерлерде болады дейді. Сондықтан рейдке полицейлер де тартылып, белгіні елемегендерге хаттама толтырып береді.


- Бірінші рет ескерту жасаймыз. Екінші рет болса, 7 АЕК айыппұл салынады. Бүгінгі шара барысында тек ескерту хаттамаларын толтырып бердік, - дейді Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Азамат Болатов.


Еске салсақ, өткен жылы Қарағанды облысында 18 адам суға кетіп қайтыс болған. Оның төртеуі кәмелет жасқа толмаған бала. Биыл мұндай қайғылы статистика тағы да қайталанбас үшін мамандар 150-ден астам рейд және 900-ден астам патруль жүргізген. Десе де, құтқарушылар «тұрғындар бірінші кезекте өзінің және жақындарының амандығын ойлап, қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтаса», - дейді.