Діни экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттайтын 80 мыңнан астам материал жойылып, 300-ден астамы бұғатталған.
ERNUR.KZ. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов танымал тұлғалардың діни мәселелерді қозғауы туралы пікір білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Соңғы уақытта шоу-бизнес жұлдыздары, қоғамдық пікір жетекшілері діни мәселелер туралы пікір айта бастады. Әлеуметтік желіде үлкен аудиториясы бар, бірақ арнайы діни білімі жоқ адамның дін тақырыбында сөйлеуі, пікір білдіруі қаншалықты дұрыс?», - деген сұрақ қойылды Орталық коммуникациялар қызметінде.
«Бұл мәселе өте өзекті, қазір діни білімі бар адамдар да, жоқ адамдар да пікір білдіріп жатады. Менің айтарым, дін тақырыбы – өте күрделі, өте нәзік тақырып, сондықтан оған дайындықпен келген дұрыс. Бұл салада ой айту үшін, ұсыныс беру үшін саналы түрде ақыл-ой жинақтап келу керек және сол саланың маманы болу керек. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген мақал бар. Яғни, әр саланың маманы болу керек. Ал қандай да бір үрдіс үшін немесе өз танымалдығы үшін мемлекеттікке, бірлікке нұқсан келтіруге болмайды, бұл шатысуға алып келеді. Сол себепті мамандар жұмыс істеуі керек. Әрине басқалар да өз пікірін білдіруге ерікті, бірақ халықты адастырмауы керек», - деп жауап берді Дін істері комитетінің төрағасы.
Айта кетейік, биыл бірінші жартыжылдықта 84 мыңнан астам адам әлеуметтік желідегі радикалды топтардан шығарылды. Діни экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттайтын 80 мыңнан астам материал жойылып, 300-ден астамы бұғатталған.
6 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтеді.