Шудағы арнайы операция кезінде полицейлер өз әріптестерін атуға мәжбүр болды

0
828

Бір адам көз жұмды, екіншісі жарақат алды.


Шудағы арнайы операция кезінде полицейлер өз әріптестерін атуға мәжбүр болды

ERNUR.KZ. Жамбыл облысында өзіндік қауіпсіздік басқармасы мен арнайы мақсаттағы бөлімшенің қызметкерлері есірткі саудасымен айналысқан күдіктілерді ұстау бойынша арнайы операция өткізді, деп жазады Stan.kz.

Көліктегі полиция департаментінің Шоқпар станциясындағы желілік полиция басқармасының қызметкерлері есірткі тасымалымен айналысады деген күдікке ілінген.

Ішкі қауіпсіздік қызметіне полиция өкілдерінің есірткі жинап, оларды сату үшін Құмөзек аймағына баруы жоспарланып отыр деген ақпарат түскендіктен, арнайы мақсаттағы бөлім қызметкерлерімен бірлесе операция жүргізеді. Сондықтан да күдіктілердің жолын бөгеу үшін Шу – Тараз тас жолын жауып, олар мінген көлікті тоқтатуға әрекет жасалған.

Алайда, атыс қаруымен қаруланған үш күдікті жол талғамайтын көлікпен жоғары жылдамдықпен келіп, арнайы жасақ қызметкерін қағып өтіп, оқиға орнынан жасырынуға тырысады. Сондай-ақ, олар өз әріптестерінің ескертулеріне құлақ аспаған соң, қуғыншылар көлікті тоқтату үшін қару қолдануға мәжбүр болған.

"Үш күдіктінің екеуі атыс қаруынан жарақат алып, біреуі медициналық мекемеде көз жұмды. Жараланғандардың бірі ауруханаға жеткізілсе, тағы бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды", – делінген ақпаратта.

Қазіргі кезде осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 297, 345, 362-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жарияланбады.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 297-бабы – есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен олардың баламаларын алу, сату, сақтау немесе өткізу мақсатында заңсыз дайындап, өңдеп, тасымалдағаны үшін;

345-бабы – көлік құралдарын басқаратын адамдардың жолда жүру немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзғаны үшін;

362-бабы – қызметтік өкілеттік пен билікті асыра пайдаланғаны үшін жауапкершілік қарастырады.