Емшілер: «Сізге дуа жасалған. Тез арада оны қайтару керек», - деп арбаған.
ERNUR.KZ. Семей қаласында зейнеткерлерді дуадан қайтаратынын айтып сендірген алаяқтар ұсталды, деп жазады ҚазАқпарат.
Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қарт кісілерді әңгімеге тартқан жалған емшілер: «Сізге дуа жасалған. Тез арада оны қайтару керек», - деп арбаған.
Тамыз айының соңында 70 жастағы зейнеткер алданып қалғанын айтып Бесқарағай аудандық полиция бөліміне жүгінді. Оның айтуынша, түс уақытында үйіне белгісіз екі әйел үй сатып алатындығын айтып келген. Сөз арасында олар әжеге дуа жасалғанын, оны қайтару үшін бірнеше рәсім қажеттігін жеткізеді. Бұған сенген қала тұрғыны алаяқтарға ақша мен алтын әшекейлерін бере салған. «Емшілер» алтынды түйіншекке орап зейнеткерге береді де, тек бірнеше күннен кейін ашуға болатынын айтады. Алайда кейіннен түйіншектің ішінде ештеңе жоқ болып шықты.
Салдарынан қарияларға 300 мың теңге мөлшерінде материалдық залал келтірілген. Бұдан бөлек, дәл осындай әдіспен алаяқтар Ұлан ауданының 81 жастағы тұрғынының 1,5 миллион теңгеден астам қаражатын иемденді.
«Тәртіп сақшылары әккі алаяқтардың кім екенін анықтау үшін жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Көп ұзамай Семей қаласынан күдіктілер анықталып, ұсталды. Олар Алматы облысының тұрғындары болып шықты. 32 және 52 жастағы екі әйел және олардың 36 жастағы сыбайластары өз кінәларын мойындап отыр. Айғақты заттар тәркіленіп, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», - дейді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.