​Шымбұлақтың миллионыншы қонағына миллион теңге берілді

0
634

Бағы жанған отбасының Шымбұлаққа келуі бірінші рет емес екен.


​Шымбұлақтың миллионыншы қонағына миллион теңге берілді

«Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының миллионыншы қонағы анықталды. Бұл жаңа рекорд. Себебі, бұған дейін кешенге келушілер саны бір жылда мұндай көрсеткішке жетпеген. Курорт басшылығы күтпеген жерден айы оңынан туған қала тұрғынына миллион теңгенің сертификатын табыстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

"Білмейм енді. Түсінбей тұрмыз. Қуанып тұрмыз, әрине. Бүгін демалуға келгенбіз. Күтпеген жерден болды. Жылағым келіп тұр. Рақмет сіздерге, көп-көп, осындай нәрсе жасап жатқандарыңызға!", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Гүлназира Лескенова.

Бағы жанған отбасының Шымбұлаққа келуі бірінші рет емес екен. Үнемі таза ауамен тыныстауды әдетке айналдырған олар топ ете түскен тосынсыйға сене қоймаған. Ал миллионыншы адамды кешен қызметкерлері турникет арқылы анықтайды. Яғни келушілердің билеті сканерленген сайын реттік саны шығып отырады.

Жалпы операция жүйесі Шымбұлақта жыл сайын бірінші қазаннан басталып, келесі жылдың 31 қыркүйегіне дейін жүргізіліп тұрады. Бұған дейін тау курортына келетін қонақ саны 600-700 мыңнан аспапты. Алайда кешенге жауаптылар соңғы жылдары тек қыста ғана емес, жыл бойы турист үзілмейтініне қуанып отыр. Мұнда жай күндері 5-6 мыңға жуық қонақ келсе, жаңа жыл қарсаңында бұл көрсеткіш еке есеге дейін артады екен.

"Бір жыл бойы келушілер саны миллионға жетті. Бұл көрсеткіш бұған дейін болмаған. Және миллионыншы келушіге біз Шымбұлақ таукурортының атынан миллион теңгенің сертификатын ұсындық. Бұл межеге жетуімізге Шымбұлақпен қоса, серіктестеріміз Қазақ туризм мен спорт және мәдениет министрлігінің де қосқан үлесі зор", - дейді «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының бөлім басшысы Іңкәр Бекжанова.