Дәрігер "Мы мертвых не возим" дегенде баламның өлгенін бір-ақ білдім, дейді жасөспірімнің әкесі Тоқтасын Орманов.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқушы қайтыс болды. Марқұмның ажалы соққыдан болды дейді отбасы. Жасөспірімнің ата-анасы мән-жайды мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
Қайғылы оқиға 29 сәуірде Құмжота ауылында болған.
"Сағат таңғы 9:30 шамасында сынып жетекшісі қоңырау шалып, "Мирас мектепте талып қалды, тезірек келіңіздерші" деді. Сәлден соң "амбулаторияға апарамыз, сол жерге келіңіздер" деп қайта хабарласты, онда барсақ ешкім жоқ. "Қайдасыңдар" деп сынып жетекшісіне қоңырау шалсам, мектептеміз дейді. Барсақ баламды бір бөтен көліктің артқы жағына жатқызып қойыпты, оны әйелім кроссовкасынан танып қойды", - дейді қайтыс болған жасөспірімнің әкесі Тоқтасын Орманов.
Баласын өлдіге санамаған ата-ана жедел жәрдемнен баланы дереу ауруханаға жеткізуді сұраған.
"Дәрігер "Мы мертвых не возим" дегенде баламның өлгенін бір-ақ білдім. Сол арада полиция, сарапшылар келді. Бәрін шақырып қойған. Мектеп директоры "Бала кіші дәретке барғанда құлап қалған" деді. Бала мектеп аумағынан сыртқа шығарылып, бөтен көлікке салып қойған. Мектепте емес, сыртта өлді дегені ме, білмедім", - дейді Тоқтасын.
Мирасты бір сынып жоғары оқитын балалар ұрғанын ата-анасы кешке білмеген.
"Біз расымен құлап қалды деп ойладық. Сот-медициналық сараптамаға баланы алып кетіп, сағат 4-те келді. Сонда жүрегінің күретамыры үзілгені анықталды. Содан інілеріме ауылдың балалары ұлымның соққыдан өлгенін айтып берген. Ұрған бала боксқа қатысады. Негізі бірнеше бала ұрған, біреуі ғана қамалған. Оның өзін Байзақ аудандық соты сабақтан қалмау керек деп қамаудан шығарып жіберді", - дейді марқұм баланың әкесі.
Мирастың анасы Раушан Құдасованың айтуынша, ұрған баланы ата-әжесі тәрбиелеген, өз ата-анасы Қонаев қаласында жұмыс істейді.
"Әке-шешесі әскери, әкесі майор деп естідім. Негізі Мирас былтыр күзде мектептегі әлімжеттік туралы шағымданған, мектеп директоры "ешкімге арызданбаңыздар, енді ондай болмайды" деп уәде берген. Содан бері тынышталғандай болды. Мектептің ішкі дәретханасын жауып, сырттағысын ашқан. Мектеп пен дәретхананың арасы біраз жер. Балаларды сол дәретханаға апарып үнемі ұрады екен", - дейді Мирастың анасы.
Мирас көпбалалы отбасынан шыққан.
"Сыныптастарының бәрі қашан, қай жерде таяқ жегенін айтып жатыр. Көкіректерінде соққының ізі тұр. Бұл сондай "система", оған өлсең де шыдауың керек екен. Қазір маған 8-сынып оқушылары "апай, бізді тағы жоғары сынып оқушылары қорқытып жатыр" деп жазып жатыр, смс хабарламаларының көшірмесін жіберді", - дейді Раушан Құдасова.
Оқушының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
"Күдікті – кәмелетке толмаған бала уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Сондай-ақ мектеп басшылығы мен оқытушы құрамға қатысты балалардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық іс қозғалды", - дейді облыстық полиция департаменті.