Марқұм ауруханада көз жұмған.
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстанның Ақжар ауданында симментал тұқымды бұқа балық аулап отырған 67 жастағы балықшыға шабуыл жасап, сүзіп тастаған. Зейнеткер ауруханада қайтыс болды деп жазады Azattyq Ruhy.
Ауыр жараланған балықшыны сиырды бағып жүрген бақташы тауып алған. Ол дереу жедел жәрдем шақыртқанымен, дәрігерлер оны ажалдан арашалап қала алмады. Жарақаты тым ауыр болған дейді. Ал, полиция малды қараусыз қалдырған бақташының жазаланғанын айтады.
«Ақжар ауданындағы оқиға қараусыз жүрген малдың қауіп төндіретінін тағы да көрсетіп отыр. Бақташы денсаулыққа зиян келтіруге әкеліп соқтырған мал жаю ережелерін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабы 2-бөлігі бойынша жазаланды. Жалпы, жыл басынан аталған бап бойынша 1229 хаттама толтырылған. Мал иелері анықталғанға дейін арнайы қамау орындарына 3 225 мал бас қамалды. Облыс тұрғындарын заңнама талаптарын сақтауға, малдың еркін бағылуына жол бермеуге және малды күту кезінде сақ болуға шақырамыз», - деді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматов.
Айта кетейік, дәл осы күні Есіл ауданында да үй жануарына қатысты қайғылы оқиға тіркелді. Мұнда 60 жастағы ер аттан құлап қайтыс болған. Аталған дерек бойынша да полиция тексеру жүргізіп, сараптама тағайындады.