Бұл қылмыс жайында бүгін СҚО прокурорлары ведомствоаралық кеңесте айтты.
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданында кәмелет жасына толмаған қызды өз үйінде бірнеше ер адам зорлаған, деп жазады kaz.inform.kz.
Бұл қылмыс жайында бүгін СҚО прокурорлары ведомствоаралық кеңесте айтты. Оқиға 18 қаңтар күні болған. Әйелге спирттік ішімдік ішуге келген «достары» кейін оның қызын зорлаған. Прокурорлардың пікірінше, бұл қылмыстың алдын алуға болар еді. Бірақ кәмелет жасына толмағандармен жұмыс жөніндегі комиссия өз міндетіне жүрдім-бардым қараған.
«Осы қылмысқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Осы оқиғаның алдында бір ай бұрын мектеп аудандық әкімдік жанындағы кәмелет жасына толмағандар жөніндегі комиссияға ішімдікке салынған әйелді ата-ана құқығынан айыру жөнінде өтінішхат жолдаған. Бірақ комиссия оны дер кезінде қарамай, тек оқиға болғаннан кейін қаңтар айында ғана қараған», - дейді облыс прокурорының аға көмекшісі Виктор Найда.
Ал Жамбыл ауданында бір үйдің екі баласы екі жыл бойы мектепке мүлде бармаған. Әке-шешесі бірнеше рет ескертілгенімен, мәселе шешімін таппады. Сондықтан қазір оларға қатысты үстерінен іс қозғалып, ата-ана құқығынан айыру жазасы қолданылмақ.