СҚО-да қылмыстық істер қағаздан арылып, электронды форматқа көшеді

0
1 135

Ашықтық пен жариялылықты мемлекеттік қызметтерді көрсету саласын электронды форматқа көшіру де септігін тигізеді.


СҚО-да қылмыстық істер қағаздан арылып, электронды форматқа көшеді

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер әкімшілік және қылмыстық істерді цифрлық форматқа көшіруде, деп жазады ҚазАқпарат .

Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, 73 тергеуші және анықтаушының жұмыс орны электронды қылмыстық істерді жүргізуге сай жабдықталған. Жыл басынан бері «Е-қылмыстық істердің» 428-і тіркеліп, 409-ы аяқталған. Полицейлердің айтуынша, қағаздан арылу тергеуге кететін уақытты үнемдеуге септігін тигізген. Тергеудің әрбір бөлігі қадағалаушы органдарға айқын көрінетін болды. Тергеуші жұмыстан бір минутқа да ауытқымау мүмкіндігін алды. Адвокаттар, жәбірленушілер, күдіктілер де тергеудің барысымен таныса алатын болды.

«Барынша ашық жұмыс істеу - адамдардың тәртіп сақтау органдарына деген сенімін арттыруға апарар жол. Патрульдік полицияны Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімінде қашықтықтан жұмыс істеу мүмкіндігін беретін планшеттермен жабдықтау да осындай міндетті атқарады. Хаттамаларды планшет арқылы қарау заңсыз жолмен «келісіп кете беруге» жол бермейді», - дейді полиция департаментінің бастығы Берік Біләлов. Қазір тәртіп сақшыларының қолында 89 планшет бар, жуырда тағы 127-сі сатып алынады. Алдағы уақытта патрульдердің бәрін қажетті техникамен түгел жабдықтау жоспарланып отыр.

Б. Біләловтің айтуынша, ашықтық пен жариялылықты мемлекеттік қызметтерді көрсету саласын электронды форматқа көшіру де септігін тигізеді. Былтыр бірінші тоқсанда «Электронды үкімет» порталына тұрғылықты мекенжайы бойынша небәрі 78 адам тіркелген. Биыл компьютер немесе мобильді құрылғы арқылы тіркелгендердің саны 984-ке жетті.

«Жоғары технологиялар - полиция жұмысының нәтижелілігін арттыруға көп көмек береді. Өңірде қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің барлығы жайлы фронт-кеңселермен қамтамасыз етілген», - дейді Б. Біләлов.