Жантүршігерлік оқиға жарты жыл бұрын болған.
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысындағы Медвежка ауылында 55 жастағы азаматты өлтірді деп айыпталған жасөспірімдерді алқабилер ақтап шықты. Алайда марқұмның туыстары мен ауыл тұрғындары бұл шешімге наразылықтарын білдіруде, деп жазады stan.kz.
Жантүршігерлік оқиға жарты жыл бұрын болған. Тұрғындардың айтуынша, кәмелет жасына толмаған екі жігіт дүкенге қарақшылық шабуыл жасап, сауда нүктесінің иесі 55 жастағы Александр Мальдинді асқан жауыздықпен өлтірген.
Қазір марқұмның туыстары жасөспірімдердің ақталып шыққанына наразы.
“Күйеуім қан-жоса күйінде үйдің қасындағы осы жерден табылды. Бірнеше жерден жарақат алған. Ал оны аяусыз өлтіргендер бостандықта жүр. Сот процесіне көңіліміз толмайды. Әділдік қайда?”, – деді марқұмның әйелі Галина Мальдина.
Ауыл халқы да осыдан кейін бостандықта жүрген жігіттердің баспаналарғаа ұрлыққа түсуі мүмкін екенін жеткізді. Сондықтан кінәлілер тиісті жазасын алсын деген талап қоюда.
“Балаларды қазір жіберді ғой. Енді бүкіл халық, осы ауылдың бәрі қорқып отыр. Арамызда жалғыз тұратын кәрі кісілер көп. Біщзге келіп басымыздан бір ұрса не істейміз. Олар кінәлі болмаса, кінәліні іздеу керек қой ”,- деді тағы бір тұрғын Зәбира Зағыпарова.
Алқа билердің шешімімен екі бірдей баппен айып тағылған 16 және 17 жастағы жігіттер кінәсіз деп танылған. Себебі, тергеу барысында олардың қылмысқа қатысы жоғы дәлелденіпті.
“Тексеру нәтижелері бойынша бұл фактілер расталмады. Жасырын дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен Ивановский мен Баширов кінәсіз деп танылды. Оларға 99-бап 2-бөлім, 7 және 8-тармақтар, яғни қарақшылықпен байланысты кісі өлтіру және 192-бап 3-бөлім, 4-тармақ тұрғын үйге қарақшылық жасау бойынша айып тағылған болатын”, – деді СҚО Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы Дастан Ысмайылов.
Енді марқұмның туыстары аппеляциялық шағым түсірмек.