СҚО-да жидек теруге барған әйел аңшы қолынан қайтыс болды

0
607

Күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.


СҚО-да жидек теруге барған әйел аңшы қолынан қайтыс болды

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстанда орманға жидек теруге барған әйел аңшы қолынан қаза тапты. Қайғылы оқиға Жамбыл ауданының Бауман ауылында болған. Оқ марқұмның кеуде тұсына тиген, деп жазады Azattyq Ruhy.

Күдікті Алтынай Мұздақбаеваны ауруханаға өзі жеткізбек болған. Алайда жапа шегуші ауыр жарақат салдарынан жолда қайтыс болды. Болжам бойынша күдікті адамды аң деп ойлап қалған болуы мүмкін. Бұл жайында марқұмның туысы Иглік Рахметов әлеуметтік желіде жазба жариялады.

«Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Бауман ауылында тұратын нағашы апам, яғни кенже нағашымның жары – Алтынай Мұздақбаева кісі қолынан қаза тапты. Бейбіт заманда суық қарудан тиген оқ нағашы апамды мәңгілік сапарға алып кеткені қабырғамызды қайыстырып, жүрекке жазылмастай жара салды. Жидек теруге кетіп, аман-есен оралмаған Алтынай Мұздақбаева 51 жасында өсіп келе жатқан немерелерінің қызық-қуанышын көре алмай кетті-ау. Алла Тағаланың сынағына көнбеске амал бар ма?! Әділетті Қазақстан үшін референдумда дауыс бердік. Ата Заң біздің құқығымызды қорғайды, әділдік ақиқатты қолдайды деп сенеміз. Жазықты адам жауапкершілікке тартылып, өз жазасын өтейді деп үміттенеміз», - деп жазды ол.

Күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

«Аудандық полция бөліміне қоңырау түскен. Бауман станциясында Алтынай Мұздықбаеваның жарақат алғаны туралы хабарланды. Бұл факті адамның қайтыс болуы туралы баппен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Жолдасы жапа шегуші болып танылды. Бұл қылмысты жасаған адам анықталған. Ол өз кінәсін мойындап отыр. Ол кісі ҚР Қылмыстық кодексінің 128-бабының тәртібі бойынша ұсталып, Жамбыл аудандық уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу тәртібіне байланысты басқа ақпаратты жариялай алмаймыз», - дейді Жамбыл ауданының прокуроры, әділет кеңесшісі Талғат Төлегенов.