Жедел жәрдем көлігінде жүргізуші мен фельдшер болған. Олар үлкен соққыдан далаға ұшып кеткен.
ERNUR.KZ. «Талдықорған – Лепсі» тас жолында жедел жәрдем көлігі мен жол жиегінде тұрған «Урал» жүк көлігі соғылған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Жедел жәрдем көлігінде жүргізуші мен фельдшер болған. Олар үлкен соққыдан далаға ұшып кеткен. Медицина қызметкерлері келгенше дейін тірі болған, өкінішке қарай, кейін көз жұмған.
Жол апатына куә болғандар екі адам да сөйлеп жатқанын айтады.
«Жүргізуші қырылдап бізге назар аудармады. Ал фельдшер өзінің атын айтып, бізбен сөйлесті. Ол өмірмен соңына дейін күресті. Ер азаматтардың қаза тапқаны өте өкінішті», - деді куәгер.
Жүк көлігінің жүргізушісі жолдың жиегіне көлігін жөндеу үшін қойған. Арнайы белгі тұрғанымен, жарығы сөніп тұрған. Жедел жәрдем көлігінің тас-талқаны шыққан.
Полиция жол апатына жедел жәрдем көлігі кінәлі екенін айтты
«Ақсу ауданында жергілікті маңызы бар Көлтабан - Матай автожолында жедел жәрдем көлігі мен Урал жүк көлігінің қатысуымен адам өліміне әкеп соққан жол апаты болды. Жол-көлік оқиғасына жедел жәрдем көлігінің 57 жастағы жүргізушісі кінәлі екені анықталды, ол рөлді басқара алмай, жол бойында тұрған жүк көлігіне соқтығысқан. ЖКО салдарынан жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі мен 54 жастағы жергілікті фельдшер оқиға орнында көз жұмды. Факті бойынша қажетті сараптамаларды тағайындаумен сотқа дейінгі тергеу басталды», - деп хабарлады полиция департаменті.