Солтүстік Қазақстан облысында «Ұлы Дала жорығы» халықаралық марафоны басталды

0
284

V дүниежүзілік көшпенділер ойынының аясында өткізілетін «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесі Лобанова ауылында бастау алды.


Солтүстік Қазақстан облысында «Ұлы Дала жорығы» халықаралық марафоны басталды

Марафон Солтүстік Қазақстандағы Ботай қонысынан басталып, Астанада аяқталады. Оған шет мемлекеттерден 10-ға жуық шетелдік команда және 9 отандық команда қатысты. Қатысушылар 500 шақырымды еңсеруі керек, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Аталған іс-шара шетелдік қатысушыларға көшпелі өркениеттің заманауи үлгісін көрсетуге және қазақ мәдениетін насихаттауға бағытталған. «Ұлы дала жорығы» жобасының негізгі мақсаты – ұмыт бола бастаған жылқы тұқымдарын қайта жаңғырту. Жарысқа қарашай, кабардин, араб, татар, башқұрт, жаңа қырғыз тұқымдары қатысып жатыр.

«Ұлы Дала жорығы» марафон-бәйгесінің аясында ұйымдастырылған маңызды іс-щараның бірі – «Ботай – Ұлы Дала мәдениеті» жылжымалы көрмесі. Марафон қатысушылары, келген қонақтар Ботай мәдениетімен терең танысып, энеолит заманындағы құнды тарихи жәдігерлерді тамашалады. Аталмыш іс-шараның бағдарламасына Ботай көрмесінің енуі кездейсоқ емес. Осыдан 44 жыл бұрын археолог-ғалымдар сенсациялық жаңалық ашты. Солтүстік Қазақстан жерінде қамбар ата түлігі ең алғаш қолға үйретілген деген тұжырым жасады.