Былтырғы оқу жылында пандемияға байланысты 4 курс студенттері дипломдарын онлайн форматта қорғаған еді.
иллюстрациялық фото
ERNUR.KZ. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн баспасөз мәслихаты кезінде Білім және ғылым министрі Асхат Айтмағамбетов айтты, деп жазады baq.kz.
"Биылғы жылы гранттарды бөлу мәселесі бойынша мемлекеттік тиісті жұмыстарды атқарудамыз. Жазда бакалавриатқа берілетін грант саны – 51 500. Магистратураға 13 500 грант бөлінеді. Бакалаврға грантты алу конкурсына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу сертификатын алған соң, өз еркімен тиісті базаға тіркеліп, конкурсқа қатысады. Магистратураға түсу үшін ҰБТ сияқты тестілеу форматына ауыстырғанымызға екі жыл болды. Әр университет тапсырмаларын өздері дайындап, тексеріп, шешімді өздері қабылдайды. Осы жылы да магистратураға түсу үшін онлайн форматтағы орталықтандырылған тестің нәтижесінде алған балдарына сәйкес грант ұтып алу мүмкіндігі бар," - деп мәлімдеді Асхат Айтмағамбетов.
Министрдің сөзінше, былтырғы оқу жылында пандемияға байланысты 4 курс студенттері дипломдарын онлайн форматта қорғаған еді. Осы жылы да сол үрдіс сақталады.
Студенттердің басым көпшілігі қашықтан білім алуда. Кейбірі өз үйлерінде, кейбірі жатаханада жатыр. Дегенмен, көп оқытушылар онлайн сабақ беріп жатқандықтан, магистрлердің диссертациясы мен бакалавр студенттерінің дипломдарын электронды форматта өткізуге болады. Былтыр онлайн форматта өткізгеннен кейін мөрдің болуын және қол қойылуын талап етеді деген сигналдар келген. Сондықтан ондай мәселелер туындамас үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Енді қазір студент дипломдық жұмысын онлайн трансляция арқылы қорғаса, оған университетке қайтадан келіп, біреуден қол жинап, мөр қойғызу керек деген талап қойылмайды, - деді БҒМ басшысы.
Аймағамбетов атап өткендей, жуырда нақты диссертациялық кеңестің жұмысына қатысты өзгерістер енгізілді. Алдағы уақытта PhD докторлық дәрежесін алу үшін диссертациялық жұмысты оффлайн форматымен қоса онлайн форматта қорғау мүмкіндігі беріледі. Бұл – халықаралық тәжірибеден алынған шешім. Министр сапаның төмендемеуі үшін тиісті қағидаттар бекітілгенін айтты.