Соңғы үш күнде БЖЗҚ-дағы қаражатына үй алғысы келетіндерден 46 мың өтініш түсті – Отбасы банк

0
367

Қазақстандықтар тұрғын үйді толық сатып алу, ЕДБ-дегі және Отбасы банкіндегі ипотеканы ішінара төлеу мақсаттарын жиі таңдауда.


Соңғы үш күнде БЖЗҚ-дағы қаражатына үй алғысы келетіндерден 46 мың өтініш түсті – Отбасы банк

3 желтоқсанның өзінде біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға ниет білдірген қазақстандықтардан 16 000 өтініш келіп түсті. Бұл жыл басынан бері БЗТ-ін тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделу мақсаттарына алу мүмкіндігі туындаған уақыттан бастап, жолданған өтініштер көлемі бойынша рекордтық көрсеткіш, деп хабарлайды ERNUR.KZ Отбасы банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қалыпты күндері платформа арқылы 2 200-ге жуық өтініш қабылданады.

Бүгінгі таңда enpf-otbasy.кz платформасының 41 744 қолданушысы өз өтініштері бойынша БЖЗҚ-дан Отбасы банктегі арнайы шоттарына жалпы көлемі 242 млрд теңге қаражаттың түсуін күтіп отыр.

Қазақстандықтар тұрғын үйді толық сатып алу, ЕДБ-дегі және Отбасы банкіндегі ипотеканы ішінара төлеу мақсаттарын жиі таңдауда. Сондай-ақ зейнетақы қаражатының бір бөлігін туысқандарына аудару қызметі сұранысқа ие.

Enpf-otbasy.кz платформасына артқан сұранысқа қарамастан, портал жұмысы еш кідіріссіз, штаттық режимде қызмет етуде. Желтоқсан айының соңына дейін оның көмегімен әр жас бойынша 2021 жылғы белгіленген жеткіліктілік шегі көрсеткіштері бойынша БЗТ-ін қолдануға болады. Қордағы қаражат Отбасы банкіндегі арнайы ағымдағы шотқа аударылғаннан кейін, оларды қолдануға 45 жұмыс күні беріледі. Осы уақыт аралығында БЗТ қолдану мақсатын таңдап/растап немесе өзгертіп үлгеруге болады, - делінген хабарламада.

БЗТ қазақстандықтар Отбасы банкіндегі заем бойынша қарызын төлеуге (ішінара немесе толық), ипотекалық заем бойынша берешегін өтеуге, оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруын қоса алғанда (ішінара немесе толық), ипотекаға жүгінбей, тұрғын үй сатып алуға (толық өтеу), тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша «Отбасы банкінен» ипотекалық тұрғын үй заемын алуға, ипотекалық заем алу үшін бастапқы жарна төлеуге (оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде), сатып алу құқығымен жалға алу шарты бойынша берешегін өтеуге, жеке тұрғын үй салуға (жер телімін сатып алуды қоса алғанда) және емделу ақысын төлеуге қолдануға болады.

2021 жылдың 3 желтоқсанындағы мәліметтер бойынша, бұл мүмкіндікті 338 499 адам (жалпы көлемі 1,68 трлн теңге) қолданып үлгерді. Олардың дені ипотекаға жүгінбей тұрғын үй алған (171 598 адам). Біржолғы зейнетақы төлемдерін қолдану бойынша Нұр-Сұлтан, Маңғыстау облысы мен Алматы көш бастап тұр. Ал Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары аса белсенділік танытпаған, - делінген хабарламада.

БЗТ-ін Отбасы банкінде ипотекалық тұрғын үй заемын алу үшін бастапқы жарна ретінде қазақстандықтардың 83%-ы екінші нарықтан тұрғын үй таңдаған. Қалған 17%-ы алғашқы нарықтан тұрғын үй алуды жөн көрген.

51 884 қазақстандық (жалпы көлемі 51,9 млрд теңге) зейнетақы қорындағы қаражатының бір бөлігін емделуге жұмсаған.

БЗТ қолданған азаматтарымыздың орта жасы – 41. Гендер бойынша 68%-ы ер кісілер.

338 499 қазақстандықтың 40%-ы өздерінің тұрғын үй жағдайларын туыстары зейнетақы қорындағы жинақтарын толық немесе ішінара табыстағанының арқасында жақсарта алған.

Қазіргі уақытта Отбасы банк қызметкерлері «ТҚЖ салымдарын БЗТ есебінен толықтыру» мүмкіндігін іске асыру бойынша жұмыс атқаруда. Бұл қызмет мемлекеттік органдар Біржолғы зейнетақы төлемдерін қолдану ережелеріне енгізілген өзгерістер бекітілген уақыттан бастап қолжетімді болады.