Сотталғандардың қолынан қаза тапқан дәрігердің құрметіне ескерткіш қойылды

0
1 314

Бірен-саран болса да сотталғандардың қолынан қаза тапқан қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері бар.


Сотталғандардың қолынан қаза тапқан дәрігердің құрметіне ескерткіш қойылды

ERNUR.KZ. Қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет атқару – қауіптің өтінде, қатердің қасында жүру деген сөз. Небір қанқұйлы қылмыскерлер шоғырланған жерде жайбарақат жүремін деген жәй сөз. Оған дәлел – бірен-саран болса да сотталғандардың қолынан қаза тапқан қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері бар. Солардың бірі – Айдарбек Сабырбеков, деп жазады baq.kz.

Айдарбек Қабылбекұлы 1974 жылы 14 желтоқсанда Алматы облысы Ұйғыр ауданының Кетпен ауылында дүниеге келген. Ол 1994 жылы Отан алдындағы міндетін өтеп келген соң сол кездегі Алматы медициналық училищесіне түседі. Оны бітіріп мамандығы бойынша бірнеше жыл қызмет атқарған ол жүрек қалауымен ішкі істер органдарына келген еді. Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты түзеу мекемелерінде дәрігер мамандығы қашанда сұранысқа ие мамандық. Сондықтан да Айдарбек ішкі істер органына кіруге өтініш жазысымен көп ұзамай Алматы қалалық Ішкі істер басқармасының бұйрығымен ЛА-155/6 мекемесінің фельдшері лауазымына тағайындалады. Бұл елімізде қылмыстық ахуалдың бір күрделі кезеңі болатын. Әсіресе ауыр қылмыстар жасағаны үшін колонияларда жастар жағы басым еді. Тіптен кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің ауыр қылмысқа барулары жиілеген кез осы екі мыңыншы жылдардың басы болатын десек артық айтпаймыз. Ал, ЛА-155/6 түзеу мекемесі осындай жасөспірімдер жазасын өтейтін мекеме.

Айдарбек Қабылбекұлы өзі қалап келген қызметіне құлшына кірісті. Әрине, басында еркіндіктегідей емес, темір тордың ар жағында қызмет атқару психологиясына біраз салмақ салғанмен, арада аз ғана уақыт өтісімен қылмыс деген қауіптің құрығына ілініп, енді соның жазасын өтеп жүрген жасөспірімдердің денсаулығын бақылауды, ауырып қалғандарын емдеуді бар ынтасымен атқарып, жасөспірімдерге жанашырлық танытудан жалықпады. Осы бір қағылез, қандай тапсырма болса да тап-тұйнақтай етіп орындайтын жігітті ұжымдағылар «Біздің дәрігер ағай» деп атап кетіп еді. Өкінішке қарай ішкі қызмет кіші лейтенанты Айдарбектің өмірі небәрі 26 жасында үзілді.

2000 жылдың 30 қарашасында ол қызметтік міндетін атқару кезінде сағат 22.30 шамасында сотталғандардың қашуын тоқтату барысында сотталған жасөспірімдердің қолынан қаза тапты. Артында небәрі үш жастағы қызы Аяулы мен үш айлық ұлы Ұлан қалды.

Әрине, Айдарбекті өлтіргендердің барлығы бұрынғы жазаларына тағы да 10 жыл қосылып сотталғанмен, жазықсыз төгілген қан, мезгілсіз үзілген өмір, естерін білмей жатып жетім қалған сәбилердің тағдыры, бесік таянып егілген жарының қасіреті мұнымен жеңілдеген жоқ.

А. Сабырбековке қаза тапқаннан кейін «ішкі қызмет лейтенанты» арнайы атағы берілді және Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Өзі қызмет атқарған Алматы қаласындағы ЛА-155/6 түзеу мекемесінің аумағында ескерткіш қойылды.

Жуырда біз қазақтың «Орнында бар оңалар» деген сөзінің қасиетіне тағы бір рет көз жеткіздік. Айдарбектің жұбайы Светлана Сағымбаева бейбіт күннің батыры атанған Айдарбектің артында қалған қызы мен ұлын саналы етіп тәрбиелеп, қатарға қосыпты. Бүгінде Аяулы Айдарбекқызы жоғары оқу орнының студенті болса, Ұлан Айдарбекұлы әкесінің жолын қуып ҚР ІІМ-нің Ш.Қабылбаев атындағы академиясының күндізгі оқу бөліміне түсіпті. Оқуға түскендерді құттықтау рәсімінде Академия бастығы полиция генерал-майоры М.Қызылов Ұланға үлкен құрмет көрсетіп, әрі қарай қызметін сәтті жалғастыруға тілектестік білдіргеніне ел риза.

Еліміздің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Айдарбек Сабырбековтың жанұясы мен туған-туыстары, әріптестері тағы да бір қуаныштың куәсі болды. Алматы қаласы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы әділет полковнигі Манас Жұмашұлы Тұяқбаевтың бастамасымен Департамент ғимаратының жанынан ЛА-155/6 мекемесінің медициналық бөлімінің фельдшері ішкі қызмет лейтенанты Айдарбек Қабылбекұлы Сабырбековке ескерткіш ашылды.

Ерлігімен әріптестерінің есінде мәңгі қалған А.Сабырбековтің ескерткішін ашу салтанатына «Генералдар кеңесі» Республикалық қоғамдық бірлестігі Президиумының төрағасы генерал Рүстем Есімханұлы Хайдаров, Алматы қаласы Түрік мәдени орталығының төрағасы, ғалым, қоғам қайраткері Қазақбай Таштемірұлы Касимов, Алматы қаласы бойынша Қазақстан Халқы Ассамллеясы төрағасының орынбасары, ҚР Қарулы күштері Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазбек Мансуров, Айдарбектің жары Светлана, қызы Аяулы және бауырлары қатысты.

Салтанатты іс-шара барысында қылмыстық-атқару жүйесіне қызметке жаңадан қабылданған 20 жас маман салтанатты түрде ант қабылдады.