Үйлер мен бизнес нысандарынан суды шығару жұмысы жүріп жатыр.
ERNUR.KZ. Атырау облысының Құлсары қаласында мотопомпалардың көмегімен қалған су басқан 100-ден астам үй және 10 бизнес нысанында су сору жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы ҚР ТЖМ өкілі Асқар Шәріп ОКҚ алаңында мәлім етті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
СҚО-ның Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында да су сору жұмыстары жүріп жатыр.
«Республика бойынша 8615 тұрғын үй және 2994 аула аумағында судың бағыты бұрылып, су сорылды. 49 819 адам өз үйлеріне оралды. Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға жалпы саны 14 409 адам, 1413 техника, 311 су сору құралы, 69 жүзу құралы, 5 әуе кемесі жұмылдырылды», - деді спикер.
ТЖМ және ЖАО күштерімен жалпы саны 15 млн текше метрден асатын қар суы сорылып шығарылды. 7,7 млн астам қапшық және 1,5 млн тоннадан астам инертті материал төселді.