Су тасқыны кезінде 700 мың теңгелік мүлікті жымқырған күдікті ұсталды

0
541

Дерқұл кентінде 40 жастағы ер адам үйге кіріп, 700 мың теңгеге мүлікті ұрлап әкеткен.


Су тасқыны кезінде 700 мың теңгелік мүлікті жымқырған күдікті ұсталды

ERNUR.KZ. Ол су басқан үйге кіріп, заттарды ұрлап артынша ізін суытқан, деп жазады ulysmedia.kz.

Оқиға Батыс Қазақстан облысында болған. Дерқұл кентінде 40 жастағы ер адам үйге кіріп, 700 мың теңгеге мүлікті ұрлап әкеткен.

"Кінәлі адам анықталды және ұсталды. Тергеу жүргізілуде. Оған ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр. Оқиға төтенше жағдай кезінде болғандығы жазасын ауырлатуы мүмкін", - деп хабарлады БҚО прокуратурасы.

Бұған дейін хабарланғандай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, Egov mobile мобильдік қосымшасы арқылы су тасқыны салдарынан келтірілген залалды өтеуге онлайн өтініш беру функционалын іске асырды. Мұны қалай дұрыс жасау керектігін министр Петропавл қаласының Мансап орталығында өткен су тасқынынан зардап шеккендермен кездесу барысында айтып берді.

«Бұл қызмет арқылы сіз шағын сауалнамадан өтуіңіз керек. Барлық жеке деректерді толтырасыз, сізге уақытша баспана қажет пе, жоқ па, соны көрсету керек. Келтірілген залалды тізімдейсіз: бұлар тұрғын үй түрі, құрылыс түрі, қаза тапқан мал саны, жеке мүлкі, қосалқы шаруашылық және т.б. Сервис су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде тұратын Қазақстанның барлық азаматтары үшін қолжетімді», – деді Светлана Жақыпова.

Қазақстандағы су тасқыны

Еске сала кетейік, елде бірнеше күннен бері бірнеше өңірде су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.