Су тасқыны: Құлсарыда салынатын тұрғын үйлердің құрылысы күзде аяқталады

0
502

Қазір құрылыс компаниялары 80 жеке үйдің іргетасын қалауға дайындық жүргізіп жатыр.


Су тасқыны: Құлсарыда салынатын тұрғын үйлердің құрылысы күзде аяқталады

Атырау облысының Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін 150 үй салынады. Тұрғын үйлердің құрылысын күзде аяқтау көзделіп отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, қазір құрылыс компаниялары 80 жеке үйдің іргетасын қалауға дайындық жүргізіп жатыр.

«Құлсары қаласының «Болашақ» шағын ауданындағы алғашқы 80 үй «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражаты есебінен салынады. Тұрғын үйлердің құрылысын бастау үшін топырақты тегістеліп жатыр. Оған үш мердігер компаниядан 30 жұмысшы мен 20 арнайы техника тартылды», - деді Нұрберген Құсайынов.
Оның айтуына қарағанда, шағын ауданда іргетас құю жұмысымен бірге жол инфрақұрылымын салу жүргізіледі. Ал, өзге инженерлік коммуникациялар жүргізіліп тұр.
«Атырау облысының әкімдігімен арада қол қойылған меморандумға сәйкес жергілікті атқарушы орган жаңа үйлер салу үшін жер учаскелерін суға баспайтын қауіпсіз аумақтан бөлуді қамтамасыз етеді. Жергілікті атқарушы орган құрылыс жүргізу мерзімі мен техникалық талаптардың сақталуын, құрылыс жұмыстарының сапасын бақылайды», - деп мәлім етті Нұрберген Құсайынов.
Типтік үлгідегі жаңа үйлердің ауданы – 80 шаршы метр. Тұрғын үйлермен бірге 2 мың орындық Binom мектебін, 300 орындық балабақша нысанын салу жоспарланған. Сондай-ақ шағын аллеялар салынады.
Еске сала кетелік, бұған дейін Құлсарының 357 тұрғыны өтемақы алу үшін келісімшартқа қол қойған еді.