"Суды көп ішіңіздер": Коронавирустан айыққан америкалық қыз қазақстандықтарға кеңес берді

0
887

Америкалық қыз коронавирусты 21 наурызда жұқтырған.


ERNUR.KZ. Коронавирустан айыққан Нью-Йорк тұрғыны Марисса Котэ қазақстандықтарға кеңес берді, деп жазады Tengrinews.kz.

"Дене қызуым көтерілді, басым қатты ауырды, өзімді әлсіз сезіндім. Қатты қиналдым, бес айлық қызым бар. COVID-19 сараптамасы вирус барын көрсетеді деп ойламадым да. Себебі менде коронавирустың белгілері аса байқалған жоқ. Жөтел болған жоқ, тыныс алу да қиындамады", - дейді ол.

Дереккөз мәліметінше, қазіргі уақытта Мариссаның денсаулығы дұрысталды, дегенмен ол әлі де өзін оқшаулап отыр. Оның айтуынша, вирус Нью-Йорктен шет жерде Уэстчестер округінде жұққан.

"Бірақ менде әлі күнге дейін коронавирустың бір белгісі байқалады - иіс пен дәм сезбеймін. Бірақ дәрігер бірнеше күн немесе бірнеше аптадан соң барлығы реттелетінін айтты. Себебі бүгінде коронавирусты емдейтін арнайы дәрі-дәрмек жоқ. Ең бастысы позитив болу. Суды көп ішіңіздер, дәрумен ішуді ұмытпаңыздар. Жақсы көңіл-күй болуы керек. Ауырғандардың көбі жазылып жатыр", - дейді Марисса.

Қазір ол дәрігерлер суық тиюден жазып берген дәрілерді ішіп жатыр екен. Мариссаның айтуынша, үйдің ішін дезинфекциялап, есік, телефон, асүй заттарын және басқа да тұрмыс бұйымдарын тазалау керек.

"Әрине, сараптама қорытындысы шыққанда кішкене қорықтым. Отбасым үшін алаңдадым. Себебі коронавирустан қайтыс болғандар туралы көп жазылып жатыр. Қазақстандықтарға берер кеңесім: жақсы көңіл-күймен жүріңіздер, телефондарыңызды өшіріп тастаңыздар, жаман жаңалықтарды тыңдамаңыздар. Негатив жаңалықтардан аулақ болуға тырысыңыз", - деді Марисса.