​Сүлеймен: әрбір аудан-ауылдарда халық сайлаған билер болуы керек

0
1 489

Сүлеймен билер институтын дауды шешуде балама әдіс ретінде қолдануды ұсынды.


​Сүлеймен: әрбір аудан-ауылдарда халық сайлаған билер болуы керек

Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен Қазақстанда билер институтын жаңғырту қажеттігін айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ. sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.

Сүлеймен билер институтын дауды шешуде балама әдіс ретінде қолдануды ұсынды.

"Біз заңдарымыздағы әділеттілік, адалдық принциптері, татуласу тәсілдері билер институтынан бастау алғанын әрдайым мақтанышпен айтып келеміз. Елбасымыз жариялаған "Рухани жаңғыру" бағдарламасының негізі де – ұлттық болмысқа оралу. Өзара татуласу, ауыл-үйдің әңгімесін сотқа дейін жеткізбеу мәселесі де – "Рухани жаңғырудың" бір тармағы. Осы орайда әрбір ауылда, ауданда, қалада халық сайлаған билер болуы керек. Олар би атауына, оның қасиетті мәніне сай болып, халыққа қызмет етпей ме?! Сөйтіп билер институты адамдар арасындағы, отбасы-ошақ қасындағы дауларды шешер еді. Сіз бен біз болып, әкімдермен бірігіп билер институтын қайта жаңғыртсақ. Бастысы, біздің ынтамыз", - деді Сүлеймен республика судьяларының кеңейтілген кеңесінде.

Осы орайда ол билер кеңесін сайлап алған Ашылысай ауылын мысалға келтірді.

"Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданының төрағасы Назира Аманқұлованың бастамасымен Ашылысай ауылының тұрғындары билер кеңесін сайлап алған. Олар ауылда дауларды шешіп қана қоймай, жастарды тәрбиелеуде…Билер сотын енгізуді, сот төрағалары, сіздер қолға алсаңыздар. Әрбір елдімекенде беделі жоғары, сыйлы, елді аузына қарата алатын абыройлы кісілер бар. Соларды алдын ала дайындап, медиация курстарынан өткізіп, би атағын беруге болады. Олар ешбір артық бюрократиясыз, сотсыз, сөздің құдіретімен бітіспей жүрген жұртты ортақ шешімге келтірер еді. Сонда қоғамдағы даукестіктің деңгейі төмендейді, сот жүктемесі азаяды", - деді ол.