Аталған видеоға қатысты Талғар аудандық орталық ауруханасы түсінік берді.
ERNUR.KZ. Талғар ауруханасында науқасқа УДЗ (ультрадыбыстық зерттеу) аурухананың дәлізінде жасалып жатқан видео әлеуметтік желіге шықты, деп жазады kaz.inform.kz.
«Алматы облысындағы қатал Талғар ауруханасында тіпті УДЗ-ны дәлізде жасайды екен. Құрметті Ажар Ғиният, сізге өтініш, медицинамен айналысыңызшы. Хирургтар операцияны далада жасап, айды аспанға бір-ақ шығармасын», - делінеді видеодағы жазбада.
Аталған видеоға қатысты Талғар аудандық орталық ауруханасы Kazinform тілшісіне түсінік берді. Аурухананың мәліметінше, аурухананың қабылдау бөлімдері кенеттен қатты ауырып қалғанда және өміріне қауіп төнген жағдайда науқастардың жиі келетін шұғыл көмек көрсету орны болып табылады.
«Мұндай жағдайда уақыт минутпен есептеледі. Науқастың денсаулығының одан әрі нашарлауын болдырмау үшін бірден сол жерде көмек көрсетіледі. Ол үшін қабылдау бөлімдері жылжымалы мобильді медициналық құрылғылармен жабдықталған. Бұл уақытта науқастың жағдайын ескере отырып, оның нашарлауын болдырмау және науқасты ары қарай жөнелтетін жерді анықтау мақсатында зерттеу бірден сол жерде жасалды. Видеода УДЗ аппараты мобильді екендігі және кабинеттен сол мақсатта шығарылғанын анық көруге болады. Басқа барлық жағдайда УДЗ жеке кабинеттерде жасалады», - деп хабарлады аурухананың баспасөз қызметі.
Ауруханада сондай-ақ адамдарды сабырлы болуға және мұндай жағдайға түсіністікпен қарауға шақырды, себебі, онда адамның өмірі басты орында тұрады.