Танымал тұлғалар мен шетелдік елшілер жетім балалардың тұсауын кесті

0
1 782

Тұсаукесер рәсіміне №2 мамандандырылған балалар үйінен Рамазан Нұрхатов, Айдын Бекішев, Інжу Бекішева, Максим Третьяков, Арыстан Бегали, Әлжан Абдуов, Әлібек Жаманқұлов арнайы келді.


Танымал тұлғалар мен шетелдік елшілер жетім балалардың тұсауын кесті

ERNUR.KZ. Елімізге танымал тұлғалар және шетелдік елшілік қызметкерлері ата-ана қамқорлығынан айырылған сәбилердің тұсауын кесті, деп жазады ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық музейінің бастамасымен қолға алынған «Тұсаукесер» қайрымдылық жобасы биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасында тарихымыз бен салт-дәстүрімізді сақтап қана қоймай, дүние жүзіне кеңінен насихаттауымыз керектігін ерекше атап өтті. Наурыз - біздің төл мерекеміз. Бұл айтулы мерекені жаңа үлгіде тойлау туралы ұсыныс білдірген болатынмын, онда бүлдіршіндерге баса назар аударылса дедік. Сол себепті тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылып отыр. Сонымен бірге, бүгінгі шараға балалар үйінен және әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары арнайы шақырылды, оларға сый-сияпат беріп, көңілдерін көтергіміз келеді»,- деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Наурыз - жаңару нышаны» шоу-бағдарламасының салтанатты ашылуында.

Тұсаукесер рәсіміне №2 мамандандырылған балалар үйінен Рамазан Нұрхатов, Айдын Бекішев, Інжу Бекішева, Максим Третьяков, Арыстан Бегали, Әлжан Абдуов, Әлібек Жаманқұлов арнайы келді.

Олардың тұсауын ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Қазақстандағы ЕО өкілдігінің басшысы Свен-Олов Карлссон, ҚР Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Алмаз Нұразхан, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғали, Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев, сатирик Көпен Әмірбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова және шет мемлекеттердің Қазақстандағы елшілік өкілдері кесті.

«Тұсаукесер рәсімі үшін жыл сайын Наурыз мерекесінде Ұлттық музейге келеміз. Биыл төртінші рет балаларымыздың тұсауы кесіліп, жақсы тілектер айтылып жатыр. Көп жағдайда тұсауы кесілген балалар жаңа отбасыларын табады. Сол үшін Ұлттық музейдегі ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз», - деді №2 мамандандырылған балалар үйінің тәрбиешісі, психолог Гүлжан Төлесова.

Тұсаукесерден соң, концерттік бағдарлама жалғасын тауып, театрландырылған қойылым, айтыс өнері, ән, би, арқан тартыс, киіз басу және қолөнер бойынша шеберлік сабақтары өтті.

Айта кетейік, 21 наурыз күні ұлттық киім кигендер музейге тегін кіреді. Бұл үшін әлеуметтік желідегі (фейсбук - ҚР Ұлттық музейі, инстаграм - Nationalmuseumkz, телеграмм- ҚР Ұлттық музейі) Ұлттық музей парақшаларына тіркеліп, #Ұлттықмузей хештегін белгілеу қажет.