Тасмағамбетов пен Сағынтаев Алматыда кездесті

0
1 305

Алматының "Мамыр-1" шағынауданында орналасқан көшеге Мұстай Кәрімнің есімі берілді.


Тасмағамбетов пен Сағынтаев Алматыда кездесті

ERNUR.KZ. Алматыда башқұрт халқының ақыны, жазушы-драматург Мұстай Кәрім атындағы көшенің ашылу салтанатына қала әкімі Бақытжан Сағынтаев пен Қазақстанның Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов қатысты, деп жазады Sputnik Қазақстан.

9 шілде күні өткен салтанатты шараға сондай-ақ ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен башқұрт делегациясын бастаған Мұстай Кәрім атындағы қордың құрылтайшысы, ақынның немересі Темірболат Кәрім, қала тұрғындары, Қазақстан және Ресей ақын-жазушылары, этномәдени бірлестіктер, жастар ұйымдары және Мұстай Кәрімнің туыстары келді.

"Бүкіл түрік дүниесінің ұлы шайыры, бауырлас башқұрт халқының ақыны, жазушы-драматург Мұстай Сәфиұлы Кәрімнің есімі қаламыздағы ең бір көрнекті көшеге беріліп отыр, – деп сөз бастады Алматы әкімі.

– Төрткүл дүниеге есімі кеңінен танымал Мұстай Кәрімді біздің қазақ оқырманы өз ақыным, төл перзентім деп біледі", - деді ол.

Оның айтуынша, ақынның "Үш таған", "Талтүс" атты кітаптары қазақ тіліне аударылған. Еліміздің қалың оқырманы Мұстай Кәрімді төл ақынындай құрметтеп, оның жалынды жырларын жатқа оқиды.

Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова атап өткендей, "сұм соғысты да бастан кешкен Мұстай Кәрім қолынан ақ қағаз бен қаламды бір тастаған емес".

"Ол ауыр жарақат алып, госпитальдан сауығып шыққан соң, майданның алғы шебіне оралып, өз шығармалары арқылы жауынгерлерге рух беріп отырды. Біз үшін Мұстай Кәрім осындай ізгі де қастерлі қасиеттерімен есте қалады. Оның ұмытылмас тылсым туындылары жыр сүйер қауымның ғасырлар бойы жадында қалатыны сөзсіз", - деді министр.

Айта кетейік, Ресейдің К.С.Станиславский атындағы мемлекеттік сыйлығының, Башқұртстан мемлекеттік сыйлығының, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Мұстай Кәрімнің биыл 100-жылдығы кеңінен тойланып жатыр.