Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай бірқатар қазақстандықтарға «Халық алғысы» медалі берілді

0
756

2020 жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен «Халық алғысы» арнайы медалі тағайындалғаны белгілі.


Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай бірқатар қазақстандықтарға «Халық алғысы» медалі берілді

Медальмен білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларында жемісті жұмыс істейтін, сонымен қатар пандемияға қарыс күреске белсене атсалысқан Қазақстан Республикасының азаматтары мараптталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Осыған орай, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Отанымыздың өркендеуіне қосқан елеулі үлесін көтермелеп, қолдау мақсатында 2 мыңға жуық азаматқа «Халық алғысы» медалі табыс етілді.
Айта кету керек, өткен Волонтер жылында еліміздің волонтерлік қызметіне қатысушылар саны үш есеге өсіп, қайырымдылықтың қарқыны арта түсті. Сондықтан, бұл жолы қоғамдық белсенділік танытып, әсіресе қайырымдылық және волонтерлік қызметте еңбектенген азаматтарға басымдық берілді.
Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы, Ново-Ульбинка ауылының тұрғыны Михаил Федоров осындай игі істердің айқын үлгісіндей. Ол жылдар бойы өз қолымен орман өсіріп, 93 жасында үш гектар аумақты көгалдандырумен айналысып келеді. Ауыл тұрғындары көршісін «орман сақшысы» деп атап кеткен екен.
Тағы бір үлгілі іс ретінде қуаңшылықпен күресу үшін қазақстандықтарға үндеу тастап, жаз бойы шөп шауып, жаппай мал қырылған өңірлерге жіберген ерікті Құрмет Болатханның еңбегін атауға болады. Жеке бастамалармен қатар шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері тарапынан қайырымдылықтағы белсенділік жылдан жылға артып келеді.
Асхат Солтанов, Василий Палаев, Қасымхан Шәріпов, Әлия Түсіпбекова және Нариман Шақабаев сияқты кәсіпкерлердің меценаттық қызметі қайырымдылықтың үлгісі болып табылады. Олар экономиканың өсуіне үлес қосып қана қоймай, елдің әл-ауқатын арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Еріктілік пен қайырымдылық мысалдарынан басқа, бұл жолы денсаулық сақтау, білім беру және пандемиямен күресте әлі де алдыңғы қатарда жүрген адамдардың өмірі үшін маңызды басқа да мамандық өкілдерінің еңбегі назардан тыс қалмады.Олардың барлығы мемлекеттік мереке қарсаңында «Халық алғысы» медалімен марапатталды.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы «Халық алғысы» медалімен 5 мыңға жуық азамат: оның ішінде дәрігерлер, еріктілер, меценаттар, мұғалімдер, полицейлер, ТЖ қызметкерлері, журналистер және т. б. марапатталған болатын.