Теңгенің тұрақтануын алдағы сайлаумен байланыстырамын - сарапшы

0
2 742

Елімізде доллардың долданып, теңгенің тәлтіректеуі мұнайға тікелей байланысты.


Теңгенің тұрақтануын алдағы сайлаумен байланыстырамын - сарапшы

Бірнеше күн қатарынан елімізде доллар арзандап келеді. Мамандар мұны үш түрлі себеппен байланыстырып отыр. Бастысы- коронавирусқа қарсы вакцина табылып, жуырда мұнай нарығы жанданады деген үміт. Теңгенің тұрақтауына тағы қандай себептер бар? Сайлаудан кейін ол тағы өсе ме? Бұл туралы ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасы сілтеме жасап хабарлайды.

Біздің елде доллардың долданып, теңгенің тәлтіректеуі мұнайға тікелей байланысты. Карантиннің кесірінен әуе, көлік байналысы тоқтап, мұнайға деген сұраныстың күрт кемуі былтыр жазда бір долларды 430 теңгеден асырып түсірген еді. Бүгінгі күні ол 420 теңгенің о жақ бұ жағында.


«Қазіргі уақытта доллардың арзандап, теңге құнынының көтеріліп жатқанын көріп отырмыз. Оған бірінші кезекте мұнай бағасының өсуі себеп. Қазір барреліне 53 доллардан өсіп жатқаны бар. Оған бірінші себеп ОПЕК+ ұйымындағы сәтті келісім шарттар», - дейді экономист Мақсат Халық.


Иә, күні кеше ғана Опек+ ұйымына енген елдердің министрлері онлайн форматта бас қосып, мұнай нарығындағы жағдайды талқылаған- ды. Пандемия әлі өршіп тұр, сондықтан алпауыт елдер қара алтын өндіру көлемін сол күйі қалдырамыз деп келісіпті. Есесіне халықаралық ұйым Қазақстан мен Ресейге қатысты ерекше шешім шығарған. Сарапшының меңзеп отырғаны да сол.


«Қазақстан, Ресей елдеріне мұнай өндіру көлемін өсіруге шешім қабылданды. Қазақстан үшін ол 10 мың баррель тәулігіне, Ресей үшін 65 мың баррель тәулігіне. Өте үлкен шешім қабылданды деп ойлаймын», - деді ҚР энергетика министрінің орынбасары Әсет Мағауов.


Вице- министрдің бұлайша қуанып, бөркін аспанға атуына себеп бар. Ел бюджетінің 44 пайызын қара алтыннан түскен пайда құрайтынын ескерсек, қазына бүйірі толығады деген сөз. Мамандардың айтуынша, доллардың түсуіне тек қара алтын ғана себеп емес. Елдегі саяси ахуал да, АҚШ тағы Президент сайлауы да теңгені тұрақтандырған.


«Біздің ойымызша, теңгенің тұрақтануы үшін Ұлттық банк тарапынан интервенция жасалуы мүмкін. Оған алдағы Парламент пен Мәслихат сайлаулары себеп деп ойлаймын. Оның үстіне АҚШ-та өткен Президент сайлауынан кейін инаугурация өткенше әлемдік қор биржаларында тыныштық орнайды. Бұл талай жылғы тәжірибе», - дейді банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев.


Осы жолы Ұлттық банк тарапынан интервенция жасалды ма, жоқ па? Қанша қаржы биржада құрдымға кетті? Мұның бәрі тек сайлау өткен соң ғана белгілі болады, дейді экономист. Естеріңізге салсақ, былтырғы маусымда өткен Президент сайлауы алдында да еліміздің басты қаржы ұйымы 95 миллион долларды интервенциялап, теңге бағамын ұстап тұрған еді. Осы орайда айта кету керек, доллар соңғы айда бақандай 10 теңгеге арзандаса да, азық түлік пен киім кешек керісінше қымбаттап кетті. Ол мәселе енді саудагерлер мен делдалдардың еншісінде.