ҚДКБҚ өтем төлеуді бастау күнін заңнамада бекітілген мерзімде хабарлайды.
ERNUR.KZ. 2020 жылдың 18 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (Агенттік) «Tengri Bank» АҚ-сын барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдады, деп жазады ҚазАқпарат.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының хабарлауынша, «Tengri Bank» АҚ жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып табылады, яғни жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің салымдарында, ағымдағы шоттары мен төлем карточкаларында орналастырылған ақшаларына «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (ҚДКБҚ) кепілдігі қолданылады. Бұл дегеніміз, Агенттік банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке бір мезетте өткізу операциясын жүргізуден бас тартқан жағдайда, ҚДКБҚ салымшыларға кепілдік берілген өтемді төлеу шарасын жүзеге асырады.
ҚДКБҚ өтем төлеуді бастау күнін заңнамада бекітілген мерзімде хабарлайды. Яғни, төлемдерді жүзеге асыру шарасы ресми хабарлама Қор сайтында және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған күннен бастап, 5 жұмыс күні ішінде басталады.
Еске саламыз, ҚДКБҚ кепілдік берілген өтемді депозиттегі қалдық сома шегінде, банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген сыйақыны ескере отырып төлейді:
теңгедегі жинақ депозиттер бойынша – 15 млн теңгеден;
теңгедегі басқа депозиттер бойынша – 10 млн теңгеден;
шетел валютасындағы депозиттер бойынша – валюта баламасында 5 млн теңгеден аспайды (банк лицензиясынан айырылған күні белгіленген валюта айырбастау бағамы бойынша).
Жеке тұлға немесе жеке кәсіпкердің банкте түрі мен валютасы бойынша екі және одан да көп кепілдендірілген депозиттері бар болса, ҚДКБҚ олар бойынша 15 млн теңгеден аспайтын көлемде кепілдік берілген жиынтық өтем төлейді. Бұл ретте шетел валютасындағы депозиттің 5 млн теңгеден аспайтын кепілдендірілген қалдығы бойынша шектеу ескеріледі.
Сақталуына кепілдік берілген шекті сомадан асатын қалдығы бар депозиттер бойынша ҚДКБҚ жоғарыда атап көрсетілгеніндей тек бекітілген соманы ғана өтеді. Ал өтелмей қалған артық ақша бойынша салымшылар банкті еріксіз тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген соң барып, банкті тарату комиссиясына өтініш бере алады.
Төлемді алу үшін салымшыда жеке басын куәландыратын құжаты болса жеткілікті. Толыққанды нұсқаулық ҚДКБҚ сайтында орналастырылған.
Депозиттер бойынша кепілдіктер және кепілдік берілген өтемді төлеу туралы жалпы ақпараттар ҚДКБҚ www.kdif.kz сайтында қол жетімді.