Терроризм: Бас прокуратура үндеу жасады

0
806

Бас прокуратура өкілі соңғы уақытта терроризм актілері туралы көрінеу жалған хабарламалар жиілеп кеткенін айта келе, сол фактілерді тексеру шаралары көп уақыт пен ресурстарды қажет ететінін атап өтті.


Терроризм: Бас прокуратура үндеу жасады

ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев «Прокуратура туралы» Заңның 31-бабын негізге ала отырып, үндеу жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бас прокуратура өкілі соңғы уақытта терроризм актілері туралы көрінеу жалған хабарламалар жиілеп кеткенін айта келе, сол фактілерді тексеру шаралары көп уақыт пен ресурстарды қажет ететінін атап өтті. Оқиға орнына полиция, құтқарушылар, кинологтар, өрт сөндірушілер, жедел жәрдем бригадалары, жедел-тергеу топтары шығады.

"Салдарынан шұғыл қызметтер шынымен қауіп төніп тұрған немесе шұғыл көмекке мұқтаж адамдарды құтқару бойынша нақты міндеттерден алшақтайды. Сонымен қатар мұндай шабуылдың объектісіне айналған кәсіпорындардың қалыпты жұмыс режимі бұзылады. Бұл адамдарды эвакуациялау кезінде дүрбелең мен құрбандыққа әкелуі мүмкін"- деді, ҚР Бас прокурорының орынбасары, Әсет Шындалиев.

Оның айтуынша, 2022 жылғы 26 сәуірде елордадағы және басқа қалалардағы бірнеше ондаған оқу орнының электронды мекенжайларына жарылғыш құрылғылар туралы хабарламалар түскен.

"Олардың барлығы тексеріліп, расталмаған. Бұл уақытта оқу процесі бұзылып, жүздеген оқушылар мен оқытушылар эвакуацияланды. Қылмыскерлерді іздеу жүріп жатыр" - Әсет Шындалиев.

Сондай-ақ 2022 жылғы 31 наурызда елордалық әуежайдың электронды мекенжайына «бомба салынғаны туралы» хабарлама түскен. Дәл сол мекенжайдан елордалық «Әбу Даби Плаза», «Хан Шатыр», «Мега Силквей» сауда ойын-сауық орталықтарын және өзге объектілерді «миналау» туралы тағы 6 хабарлама жолданған. Салдарынан 3 мыңға жуық адам эвакуацияланды.

Алайда жарылғыш құрылғылар да табылған жоқ.

Алматыдағы әуежайға «жарылғыш зат қойылды»

Прокуратура өкілінің мәлімдеуінше, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында кінәлі тұлға анықталды. Кінәсін мойындап, ол соттың санкциясымен қамауға алынды. Қазір тергеу жүріп жатыр.

"Аталған іс-әрекеттер Қылмыстық кодекстің 273-бабы (терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады, оның санкциясында 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген". - Әсет Шындалиев.

Жалпы, 2016 жылдан бастап соттар терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін 236 тұлғаны соттады, соның ішінде 147-і бас бостандығынан айырылды. Шұғыл қызметтердің жалған шақыруымен келтірілген материалдық залал кінәлілерден өндірілді.

Бірнеше қалалардағы ғимараттарға жарылғыш зат қойылды: ІІМ мәлімдеме жасады

Бас прокурордың орынбасары қылмыстық істерді тергеу тәжірибесі қылмыстың іздерін жасыру үшін кейбір жағдайларда жалған хабарламалар шетелдегі электрондық пошталар мен серверлерден жіберілетінін көрсеткенін атап өтті.

"Ондағы мақсат – елдегі жағдайды тұрақсыздандыру және халықты қорқыту". - Әсет Шындалиев.

Бас прокуратура халықты, бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды қырағы болуға шақырды.

"Терроризм актілері туралы көрінеу жалған хабарламалар таратпау және мұндай хабарламалардың авторларына жәрдем көрсетпеуі қажет". - Әсет Шындалиев.

Дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыс туралы мәліметтер болған кезде құқық қорғау және арнайы органдарға дереу хабарлау қажет.