The National Interest: Қазақстан ауқымды реформаларды жүзеге асыруға кірісті

0
520

Президенттің айтуынша, бұл реформалар халқымыз үшін бетбұрыс кезеңіне жол ашады.


The National Interest: Қазақстан ауқымды реформаларды жүзеге асыруға кірісті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-тың The National Interest басылымында жарияланған «Еуразиядағы құбылмалы жағдай Қазақстанның дамуын бәсеңдетпейді» атты мақаласына шолу жарияланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 4 сәуірде Американың беделді The National Interest басылымында жарияланған мақаласында «Біз Қазақстанда демократиялық өзгерістердің жаңа дәуіріне қадам бастық», – деп атап өтеді.

Аталған мақалада еліміздің алдында тұрған сын-қатерлерге назар аударылып, биылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауда айтылған ауқымды реформалардың мән-маңызы айқындалады.

Мемлекет басшысының пікірінше, «посткеңестік кеңістікте болып жатқан оқиғалар айтарлықтай сын-қатер төндіруде, бірақ еліміздің алға қадам басуын тежей алмайды».

Автор биылғы қаңтар айының басындағы оқиғаны еске ала отырып, бейбіт шерулердің жаппай зорлық-зомбылыққа ұласқанына және ел Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде мұндай жағдай бұрын-соңды болмағанына тоқталады. Осыған байланысты Президент «Біз әлі күнге дейін осының зардабынан толық айыққан жоқпыз. Бірақ бұл оқиғадан сабақ алып, түйткілді мәселелерді батыл шешуге және алға ілгерілеуге толық дайынбыз», – деп атап өткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы геосаяси ахуалға түсіндірме жасай отырып, «Қазақстан мен Ресейдің арасын әлемдегі ең ұзын шекара байланыстырып жатыр. Сондықтан екі ел өзара ынтымақтастыққа негізделген ерекше қарым-қатынас орнатқан» деп жазады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Украинамен де дәстүрлі достық қатынастарымыздың тамыры тереңде екеніне назар аударып, «қақтығыс БҰҰ Жарғысына сәйкес тезірек және әділ реттеледі» деп үміттенетінін айтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар дүрбелеңі Қазақстанды дүр сілкіндірген оқиға болғанын атап өтті. Бұл жағдайдан елімізге сабақ болғаны – азаматтардың заңды талаптары зорлық-зомбылық пен қудалаудан қорықпай айтылуға тиіс екенін мойындау. Ол мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалогтың шын мәнінде нығаюына жол ашады.

Мемлекет басшысы өз мақаласында Қазақстанды реформалау және жаңғырту жөніндегі негізгі бастамалары, ең алдымен, халық көтерген экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталғанына баса назар аударады. Осы ретте, Президент «олардың бізден не күтетінін анық әрі айқын естідік», – деп атап өткен.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз мемлекеттік билікті бұрын-соңды болмаған орталықсыздандыруға, үйлесімді және тепе-теңдік жүйесін нығайтуға кірісті. Сонымен бірге сыбайлас жемқорлық пен ағайынгершілік әрекеттерге төзбеушілік пікір қалыптасады. Бұл «саяси билік пен байлықтың санаулы адамның қолына шоғырлануына» жол бермейді.

Реформалар негізгі мемлекеттік органдарда – Президент Әкімшілігінде, Парламентте, жергілікті әкімдіктерде, сот және құқық қорғау жүйелерінде жүргізіледі. Мемлекет басшысы азаптауларға мүлдем төзбеушілік қамтамасыз етілетініне ерекше мән береді.

Жаңа Қазақстанда биліктің тармақтары мен мемлекеттік органдар арасында өкілеттіктердің балансын басқаша қалыптастыру жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы айтқандай, шын мәнінде, Қазақстан басқарудың «суперпрезиденттік» моделінен «нормативтік-президенттік» басқару түріне көшеді.

Елімізде саяси әралуандықты нығайтуға арналған аралас пропорционалды-мажоритарлық сайлау жүйесін енгізуге ерекше мән беріледі. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде өзіне тиесілі президенттік өкілеттіктердің бір бөлігінен өз еркімен бас тартатынын еске салды. Мемлекет басшысы тағайындайтын сенаторлар саны 15-тен 10-ға дейін қысқарады, оның жартысын Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынатын болады.

Президент өз мақаласында «Конституциялық өзгерістердің аудан, қала және ауылдық округ әкімдеріне көбірек өкілеттік беруі аса маңызды саналуы мүмкін. Бұдан былай олар, ең алдымен, халық алдында жауапты және толықтай есеп береді», – деп жазады. Сонымен қатар барлық реформа азаматтық қоғамның беделді өкілдерімен тығыз диалог жүргізе отырып әзірленгеніне арнайы тоқталған.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасын монополиядан арылту мәселесі туралы айта келіп, «жүйе тек таңдаулы адамдар үшін ғана емес, азаматтарымыздың игілігіне қызмет етуі керек» дейді. Өкінішке қарай, бұрын бұндай жағдайға жиі жол берілгенін еске салды. Осыған байланысты Президент «инклюзивсіз өсім орнықты болмайды» деп атап өтті. Сондай-ақ мақалада «олигархтар мен олардың монополияларына тиесілі орасан мол байлық еліміздің жұмысшы және орта таптарының игілігіне қайта жұмсалады», – деп жазылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев елді одан әрі дамыту үшін әлеуметтік-экономикалық теңсіздік мәселесін шешудің маңызы зор екеніне мән берді. Ол «экономика өскен сайын азаматтардың да әлеуеті артуы керек» деп есептейді. Осыған байланысты «Үкіметке жалақыны арттыру және кедейшілік деңгейін төмендету бағдарламасын әзірлеу тапсырылды». Бұл жағдайда халық үшін алғашқы нақты қадамдар ең төменгі жалақыны 40 пайызға арттыру және бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын көтеру болмақ. Мемлекет басшысы «шағын бизнестің салық жүктемесі төмендейді. Ал Қазақстанның өндіруші компаниялары экономикалық ауыртпалықтың салмағы мен үлесін көбірек және әділ көтереді», – деп еске салады.

Жалпы, Президенттің айтуынша, бұл реформалар халқымыз үшін бетбұрыс кезеңіне жол ашады. Еліміз бүгінде тоқырау жолын емес, үдемелі даму бағытын таңдайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мақаласын «әлі ұзақ жол жүруіміз керек. Серіктестестік ел ішінде де, халықаралық деңгейде де – бейбітшілік пен өркендеудің ортақ болашағын құрудың бірден-бір жолы», – деп қорытындылайды.

Анықтама: АҚШ-тың 37-ші Президенті Ричард Никсонның бастамасымен 1985 жылы негізі қаланған бұл журналды Ұлттық мүдделер жөніндегі ғылыми-талдау орталығы шығарады. Ол негізінен саясат пен халықаралық байланыстарға арналған. Басылымның тұрақты авторларының арасында белгілі америкалық саясаткерлер мен сарапшылар бар. Сондай-ақ, осы журналда Ресей Президенті Владимир Путин мен атақты америкалық саясаттанушы Фрэнсис Фукуяманың мақалалары, атап айтқанда, оның әйгілі «Тарихтың соңы» шығармасының мәтіні жарияланған.