Оқиға 29-шы шілде күні Жетісу облысы, Үшарал ауданында өткен тойлардың бірінде болған.
ERNUR.KZ. Той атаулының көркін қыздырған “Қызыл раушан” әнін орындайтын танымал әнші Ұланғасыр Қамиевтің басы дауға қалды, деп жазады ulysmedia.kz.
Әлеуметтік желіде әнші төбелесіп, соққыға жығылған сәтінің видеосы тарады.
Оқиға 29-шы шілде күні Жетісу облысы, Үшарал ауданында өткен тойлардың бірінде болған. Желіде тараған ақпаратқа сенсек, жас әнші той қонақтарымен жаға жыртысқан.
Жетісу облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
“Аталған дерек бойынша Алакөл аудандық полициясына ешқандай арыз-шағымдар түскен жоқ. Алайда, тексеріс барысында әртістің мерекелік шарада мас күйде болғаны расталды. Той халал өткен. Қазіргі уақытта құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабына сәйкес (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) әкімшілік жауапкершілікке тартылды”, – деп хабарлады полициядан.
Айта кетейік, жуырда белгілі әнші Төреғали Төреәлі Алматыда есірткіге мас күйде ұсталған болатын. Ол 20 тәулікке қамалып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды. Алайда әншінің адвокаттары өз клиенттерінің құқығы бұзылғанын айтып, наркологиялық сараптаманың қорытындысымен келіспейтіндерін мәлімдеді.