Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұсталғандардың нақты саны мен кінәсінің деңгейі анықталады.
ERNUR.KZ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев наразылық орындарында кездейсоқ болған адамдарды босатуды тапсырды, деп жазады Sputnik Қазақстан.
"Бас прокурорға азаматтардың заңды құқықтарын қамтамасыз етуді, ұсталғандардың нақты саны мен кінәсінің деңгейін анықтауды тапсырдым. Кінәсіз азаматтар мен оқиға орнында кездейсоқ болғандарды босату қажет", - деп жазды Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.
Бұған дейін Бас прокуратура заңсыз митингілер, шерулерді ұйымдастыруға және қатысуға жол берілмейтінін түсіндірген еді.
Заңға қайшы әрекеттерге қатысы бар адамдарға қолданыстағы заң аясында қылмыстық жауапкершілікке дейін, ең қатаң шаралар қолданылатыны хабарланды.