Тоқаев пен Назарбаев православ христиандарын Пасха мерекесімен құттықтады

1
523

"Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде еліміздегі ұлттардың басқа да діни мейрамдарын құрметпен атап өту игі дәстүрге айналды".


Тоқаев пен Назарбаев православ христиандарын Пасха мерекесімен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев православ христиандарын Пасха мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Тоқаев бұл қастерлі мейрам жұртшылықты қайырымдылық жасауға, жақынға жанашыр болып, мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетуге үндейтінін атап өтті.
Оның айтуынша, Пасха дәстүрлері жаңару мен жақсылықты, мейірімділік пен әділдікті дәріптейді.

"Жаһандық індет бәрімізді сынға салған қазіргі кезеңде жалпыадамзатқа ортақ осы құндылықтардың маңызы артып, өзара түсіністікті, татулық пен келісімді нығайтуға септігін тигізуде. Бүгінгі шуақты мереке әр шаңырақты бақыт пен қуанышқа бөлей берсін!", - деп мәлімдеді мемлекет басшысы.
Тоқаев баршаға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тіледі.
Ал Назарбаев бұл күн – діни наным-сеніміне қарамастан барша қазақстандықтар үшін маңызды әрі салтанатты мереке екенін атап өтті.
Оның айтуынша, тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде еліміздегі ұлттардың басқа да діни мейрамдарын құрметпен атап өту игі дәстүрге айналды.

"Бүгінде қазақстандықтардың бейбітсүйгіштігі мен толеранттылығы мейірімділік, әділеттілік пен бірлік сияқты құндылықтарды құрметтейтін үйлесімді мемлекет құрудың тірегі болып отыр", - деп жазған Назарбаев баршаға тыныштық, жақсылық пен бақ-береке тіледі.