Тоқтар Әубәкіровті браконьерлік жасады деп айыптаған кәсіпкер қысым көргенін мәлімдеді

0
2 147

Кәсіпкер жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бизнеске жиі кедергі келтіретінін және жеке аумақта аң аулауға рұқсат етпесе, қысым көрсететінін айтты.


Тоқтар Әубәкіровті браконьерлік жасады деп айыптаған кәсіпкер қысым көргенін мәлімдеді

ERNUR.KZ. Ғарышкер Тоқтар Әубәкіровті браконьерлік жасады деп айыптаған Қостанай облысындағы екі аң шаруашылығының иесі Батыр Сейкенов шенеуніктермен арадағы жағдайдың мән-жайын айтты, - деп жазады Tengrinews.kz.

Кәсіпкер жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бизнеске жиі кедергі келтіретінін және жеке аумақта аң аулауға рұқсат етпесе, қысым көрсететінін айтты.

Сейкенов Тоқтар Әубәкіровке қатысты жағдайға түсінік бере отырып, ғарышкердің браконьерлік жасағанын дәлелдеу іс жүзінде мүмкін еместігін айтты.

"Экология министрлігі құрған мобильді топ "Алтын Дала" резерватына барып, сол жерде қарда жүруге арналған көліктердің ізін тапты. Аймақ тек жануарларға арналған, басқасын айтпағанда, онда тіпті мал жаюға тыйым салынады. Ол үшін кез келген адам жауапқа тартылуы тиіс", - деді ол.

Бұл ретте қардағы із қазақстандық ғарышкерге тиесілі техниканың ізі екенін дәлелдеу қажет. Бірақ қазір оны дәлелдеу мүмкін емес, деп мойындайды Сейкенов.

Кәсіпкер 14 жыл ішінде оны әлдекімдер екі рет соттауға тырысқанын және жоғары лауазымды шенеуніктерге өз аумағында аң аулаудан бас тартқаны үшін иелікті тартып алуға тырысқан жағдайлар болғанын айтты.

Ол резерватта неге аң аулауға тыйым салатынын түсіндірді. Қасқырды бәрі атқысы келеді. Ол - ерекше жануар. Қатаң иерархиясы бар. Үйірде тек бір аналық қасқыр туады. Оны өлтірсе үйір тарап кетеді.

"Мен аң аулаған кезде аналық қасқырды мүлдем атпауға тырысамын, ал Тоқтар Әубәкіров және басқа да шенеуніктер оған қарамайды. Оларға бәрібір. Сондықтан мен аң аулауға рұқсат етпеймін. Ол үшін бірнеше рет шаруашылығымды алып қойды. Бірақ кейін қайтарып алдым. Облыс әкімі Сергей Кулагин тексеру жүргізіп, қала әкімі Сабыржан Ахметов айыппұл салған жағдай да болды. Мен көп шенеунікпен келіспей қалдым, бірақ табиғатқа ұқыпты қарау позициямды жоғалтқан жоқпын", - деп түсіндірді ол.

Батыр Сейкенов

Кәсіпкер аңшылық туризм табысты сала екенін айтты. Ол арқар аулау үшін шетелдіктер 100 мың долларға дейін төлеуге дайын дейді.

"Ең бастысы, аңшылықтан түскен ақша шенеуніктер қалтасына түспеуі керек. Оны жергілікті халық алуы керек және (ақша. - ескерт.) браконьерлікпен күреске бағытталуы қажет. Мен саланы дамытудың бағдарламасын жаздым. Қазір оны Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен талқылап жатырмыз", - деп толықтырды Сейкенов.

Ол елде аң аулау туризмінің дамуына кедергі келтіретін негізгі проблемалардың бірі "қаруды жалға беру" ұғымының жоғында екенін айтты. Осыған байланысты көптеген туристер елге келе алмайды, өйткені заңды түрде қаруды басқа адамға беруге тыйым салынады. Бірақ іс жүзінде оны ешкім сақтап жатқан жоқ, деп түсіндірді кәсіпкер.

Сонымен қатар, Батыр Сейкенов кәсіптің көп функциясын мемлекет өз мойнына алған деп санайды. Мысалы, аң аулауға болатын мерзімді әр резервтің иесі шешуі керек, деді ол.

Өйткені елдің әртүрлі өңіріне тән климат жағдайлары бар және бәріне бірдей аң аулау мерзімдерін белгілеу мүмкін емес, деп санайды Сейкенов. Мысалы, қазір бұғы аулауға болады, ал маусым тек 1 тамыздан басталады. Оның айтуынша, жабайы қабанды 31 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін ғана емес, жыл бойы аулауға болады. Кәсіпкер бұл тәсіл табиғаттың тез дамуына көмектесетініне сенімді.