Желі қолданушылары су басқан аумақтарда түсірілген фото және видеокөріністерді жарыса жариялап жатыр.
ERNUR.KZ. 30 сәуір күні кешкі уақытта басталып, әлі толастамаған жаңбыр салдарынан Алматының бес ауданындағы көше учаскелерін су басып қалды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Қазіргі уақытта қаланың коммуналдық қызметтері су басқан аумақтарды тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, су басып қалудың алдын алу және оны болдырмау үшін Төтенше жағдай департаменті Алматының аудандық әкімдіктерімен бірге жиі су басып қалатын 17 учаскені анықтап, оларға жүйелі мониторинг жүргізген.
«Бүгін Алматы қаласының азаматтық қорғаныс қызметтерінің күші жауын басталғанға дейін су басу қаупі бар аймақтарға жіберілді, инертті материалдар әзірленді. Жалпы, жағдай бірқалыпты, бақылауға алынды», - делінген әкімдік хабарламасында.
1 мамыр күнгі таңғы сағат 10:00-дегі жағдай бойынша мына мекенжайларда су басып қалу оқиғалары тіркелген:
1. Медеу ауданы — Электр қуатының болмауына байланысты әл-Фараби мен Назарбаев даңғылдарының қиылысындағы көпір астында сорғы сөніп, су жиналды. Қазіргі уақытта аудандық коммуналдық қызметтер сол жерде жұмыс жасауда («Алматы Тазалық», «Алматы су», Құтқару қызметі 109,) 2 арнайы техника мен 6 мотор сорғысы іске қосылды. Сорғы станциясы да қосылған.
2. Алмалы ауданы — Мұқанов көшесін су басуы бойынша «Алматы Тазалық» қызметкерлері жұмыс жүргізіп, аяқтады. 30 қап инертті материал пайдаланылды- жұмыстар аяқталды.
3. Бостандық ауданы — Есеналиев көшесі 33 —5 қабатты үйдің жертөлесіне су жиналды, су арық жүйесіне бұрылды, 40 қап қолданылды.
4. Әуезов ауданындағы 9-ықшамаудан, 51-үйде жертөлені су басты. «Алматы Тазалық» қызметкерлері жұмыс жүргізіп, аяқтады.
5. Түрксіб ауданында — Қайрат 93 ықшамауданы бойынша ЖТҮ ауласын су басты, «Алматы Тазалық» қызметкерлері жұмыс жүргізіп, аяқтады.
Айта кетсек, әлеуметтік желі қолданушылары су басқан аумақтарда түсірілген фото және видеокөріністерді жарыса жариялап жатыр.