​Төтенше жағдайлар комитеті қызметкерлерінің жалақысы кемінде 10%-ға өседі – Қасымов

0
2 827

Өрт сөндірушілер 65 мың теңгеден бастап 118 мың теңгеге дейін айлық алады.


​Төтенше жағдайлар комитеті қызметкерлерінің жалақысы кемінде 10%-ға өседі – Қасымов

ERNUR.KZ. Парламент Мәжілісінің депутаттары өрт сөндірушілердің жалақысын көтеруді сұрады, деп жазады Baq.kz.

Мәжілісмен Дания Еспаеваның айтуынша, қазір өрт сөндірушілер 65 мың теңгеден бастап 118 мың теңгеге дейін айлық алады.

«Әр төртінші аттестатталған қызметкердің баспанасы жоқ. Бұндай жалақымен «7-20-25» ипотекалық бағдарламасына қатысудың өзі қиын. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет орган қызметкерлеріне бір-ақ өтемақы төленеді. Ол – 2 739 теңге көлеміндегі тұрғын үй - коммуналдық қызметтер үшін өтемақы. Бұның нәтижесінде кадрлар тұрақсыздығы орын алады. Өрт сөндіруші мамандығының үлкен қаупін де ескеру қажет. Соңғы бес жылда ғана алты қызметкер қаза тауып, 78-і жарақаттанды. Әскери қызметкерлерге сияқты Азаматтық қорғаныс органдары қызметкерлерінің де жалақысын көтеріп, жеңілдіктер беру қарастырылған ба?», - деп сұрады Еспаева Үкімет сағатында.

Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев ІІМ-ге 2018-2020 жж. республикалық бюджеттен қызметкерлердің жалақысын өсіруге жыл сайын 30 млрд теңге қарастырылғанын айтты. Оның 4,3 млрд теңгесі ТЖК қызметкерлеріне арналған. Бекетаев одан да көп қаржы бөлінуі тиіс екенін түсінетінін, бірақ ақша бюджет мүмкіндіктеріне қарай бөлініп отырғанын айтты.

Сондай-ақ, Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко ІІМ басшысы Қалмұханбет Қасымовтан жалақы мәселесін қарастыруды сұрады.

Қасымов кулуарда журналистерге Азаматтық қорғаныс органдары қызметкерлерінің жалақысы кемінде 10 пайызға өсетінін айтты.

«Әрине, 10% деген - кемінде көтерілетін көрсеткіш», - деді ол кулуарда.

Бұған дейін Қасымов 2015 жылдан бері 1,5 мыңға жуық адамның өрттен қаза тапқанын айтқан еді. Сондай-ақ, министр тұрғын үй секторындағы өрт себептерін атаған болатын. Және де Қасымов соңғы үш жылда орман өртінен келген залал 700 млн теңгеге жуықтағанын айтты.